5 миллион қазақстандықтың бас-басына кем дегенде бір миллион теңгеден берешегі бар. Соған қарамастан, несие алушылар мен берешегін уақытында төлемейтіндердің саны азайып келеді дейді мамандар. Бірақ бұл азаматтардың жауапты, қарызын уақытында қайтарады деген сөз емес. Керісінше, банктер қарыз беруді азайтқаннан болып отыр.
2016 жылы Қазақстанда жарты миллион несиелік келісім шарт жасалған. Бірінші несие бюросы 2016 жылдың басында несие нарығында дамудың қоңыржай сценариі болады деген еді. Бюроның тұжырымы дәл келді. Өткен жылы көптеген ішкі және сыртқы факторлардың әсер етуінен жеке азаматтарға несие беру өсім көрсетпеген.
«Қазір жеке несиелеу көлемі - 4,6 трлн теңге көлемінде. Былтыр бұл көрсеткіш 15,4 трлн теңгеге жеткен еді. Көрсеткіштің төмендеуіне бизнес-несиелеуге басымдықтың берілмеуі себеп. Бірақ қаржы орталықтарының негізгі табысы - осы бизнес-несиелеуден түскендіктен, бұл іс қайта жанданды», - деді бірінші несиелік бюроның бас директоры Руслан ОМАРОВ.
Өткен жылда пайыздық мөлшерде қарқынды өсім көрсеткен - несиелік карталар. Бір жылда 83 мың адам картамен қолдануды бастап, 5 млрд теңге көрсеткішіне жеткен. Несие нарығындағы көш бастап тұрған қызмет - тұтынушыларға кепілсіз несие беру. 326 мың жаңа қарыз алушылар 235 млрд теңге несие алып, қаржыландырудың жалпы көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. Алаяқтықтың белең алғанын да айта кету керек. Көбіне киім-кешек алатын адамдар берешегін қайтарудан бұлтақтайды.
«Біздің санақ бойынша, 5 түрлі банктен киім-кешекті қарызға алғандардың 85 пайызы берешектерін қайтарудан жалтарып жүр. Олардың жалпы қарыз көлемі - 4 жарым млн теңгеге жуықтады. Негізінен, несие нарығы өссе, сан түрлі алаяқтық әрекеттер де көбейеді. Бұл - үйреншікті тәсіл», - деді бірінші несиелік бюро бас директорының орынбасары Андрей ВОЯКИН.
Ал, автонесиелеу нарығы 15 пайызға кеміді. Оның көлемі 345 млрд теңге. Сонымен қатар, үй алуға қарызданатындардың саны да азайған. Өткен жылы ипотека алғандардың көрсеткіші 9,4 пайызға, яғни 128 млрд теңгеге қысқарған. Сарапшылар 2017 жылы несие нарығы өсім көрсетуі мүмкін дейді. Мұны олар төлем жүргізуге қабілетті адам санының артуымен түсіндірді.