Нығматуллин облыс орталықтарында жедел жәрдем машиналарын GPS-мониторларымен жасақтауды ұсынды

20.04.2017 16:05

Парламент Мәжілісінің төрағасы облыс орталықтарында жедел жәрдем машиналарын GPS-мониторларымен жасақтауды ұсынды. Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы аясында бірқатар сауал жолдады. Халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берген министр жедел жәрдем қызметінің жолда көп кешігуінің салдарынан көп жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет емес шақыртуларға баратындығын айтты.

«Жедел медициналық қызмет көрсетуді халықаралық стандарттарға сай реформалау туралы айтқанда, бірінші кезекте, науқасқа жету уақыты, оған алғаш көрсетілетін шұғыл медициналық көмек уақыты, оны стационарға жеткізу уақыты сияқты , GPS жүйесімен қамтылуы сынды мәселе қозғалады. Осы мәселенің барлығы қамтылады ма? Бір ғана Астанада жүрек қан тамырлары ауруларын емдейтін, одан да басқа орталықтар құрдық. Ал жедел медициналық көмек көрсетуге келгенде, мемлекет деңгейінде біздің жедел жәрдем стансалары жаңартылады ма жоқ па»,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы, Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН.

«Бірінші кезекте біз жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын енгізу арқылы өлім-жітім көрсеткішін төмендетуді көздеп отырмыз. Бұл арнайы стандарттар. Сол үшін де біздің елімізде де осы медициналық үлгіні енгізуді жоспарладық. Одан бөлек, шұғыл медициналық қызмет және барлық құтқару қызметі мен ауруханалардың, емханалардың шұғыл қызмет жұмысшыларын жаппай оқыту мәселесін қолға алмақпыз»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.

Нәтижесінде, шақыртулардың бір бөлігі базалық емханалар мен өңірлердің стационарларына бағытталады. Бұл өз кезегінде жедел жәрдемге жүктемені азайтып, шақыртуға баратын дәрігерлердің уақтылы жетуін қамтамасыз етпек.