Елімізде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге қарсы заң күрделі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қоғамдық ұйымдар, медиа, бизнес компаниялардың өкілдері және еріктілер Қылмыстық кодекстегі жыныстық зорлыққа мәжбүрлеуді тыятын 123-баптың аясында «Қорғау-123» атты қоғамдық платформасын құрды. Енді елімізде жұмыс орнында жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу жайы туындаса «150» телефоны арқылы хабарлап, заңгерлік көмек алуға болады. Қауырт желі арқылы үш ай көлемінде зорлау фактісіне қатысты ақпарат жиналады. Зерттеу нәтижесі заңға өзгеріс енгізуге негіз болмақ.
«Мемлекеттік мекемелерде, мансап жолында осындай жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар, халықтың кей топтары: мигранттар мен студенттер де зорлық көріп жатады. Олар жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің құрбанына айналған соң, дәлелдеу өте қиынға түсуде», - деді «Дағдарыс орталықтары одағы» қоғамдық бірлестігінің директоры Зүлфия БАЙСАКОВА.
Заң қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 123-бабы құрбандарды қорғауға қауқарсыз дегенді алға тартуда. Себебі, 20 жылда 25 қана үкім шыққан. Оның үстіне кінәлілерге жаза ретінде бас бостандығынан айыру шарасы бірде-бір рет қолданылмапты.
«Қалыптасқан жағдай өте қиын болып тұр. Статистикалық мәлімет те сөзімді дәлелдейді. Құқық қорғау орындарында соңғы 4 жылда, яғни 2014 жылдан бері 123-бап бойынша бірде-бір дерек тіркелмеген», - деді адвокат Жохар ӨТЕБЕКОВ.