Келесі жылы қазақстандықтардың жеке электронды денсаулық куәлігі пайда болады. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы әрбір азаматқа әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек.
Халықтың денсаулық тарихы сандық күйге көшірілмек. Яғни, келесі жылдан бастап әрбір азаматтың денсаулығы туралы ақпарат беретін жеке электронды төлқұжаты іске қосылады. Бұл жүйені іске асыру үшін арнайы платформа жасақталмақ және оған мемлекеттік және жекеменшік емханалар өз ақпараттық жүйелерін қоса алады. Осылайша, «бірыңғай терезе» қағидасы арқылы қызмет көрсетіледі. Аталмыш шаралар «Цифрлық Қазақстан - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
«Келесі жылы адамның туған кезінен бастап денсаулығы туралы барлық мәліметтер арнайы электронды төлқұжатта жазылады. Сондай-ақ, әрбір азаматтың жеке кабинеті болады. Сол жерде барлық ем-дом шараларымен танысуға мүмкіндік жасалады»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы да ағымдағы жылдың шілде айынан бастап енгізілмек. Аталған қордың төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, бұл еш кірісі жоқ, яғни жұмыссыз азаматтар үшін жаңалық болуы мүмкін. Себебі, міндетті әлеуметтік сақтандыру ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды, яғни айына жоқ дегенде 1414 теңге жарна төлеуді қажет етпек.
«Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерді міндетті медициналық сақтандырудан өткізу ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталады. Ал өздігімен жұмыс істемейтін және кірісі жоқ азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарында сақтандыру міндеттеледі. Ал жұмысшыларды міндетті сақтандыру 2019 жылы жүргізілмек»,- деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы, Елена БАХМУТОВА.
Бұдан бөлек еліміздің бас дәрігері дәрі-дәрмектің бағасын реттеуге арналған заң жобасы даярланып жатқанын мәлімдеді.
«Қазір халық дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жекеменшік дәріханалардан алады. Сондықтан, дәл бұл нарықтың бағалары реттелмейді. Ал бізге оған кіріп нақты бір ережелерді орнату үшін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Атап айтсақ, Халықтың денсаулығын қорғау туралы кодексте Үкіметке, соның ішінде министрлікке нақты құзірет берілуі керек. Бұл мәселені кәсіпкерлермен талқылап, тамыз айында заң жобасын әзірлеп Үкімет қарауына жіберуді жоспарлап отырмыз»,- ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.
Медицина саласына енгізіліп жатқан бұл жаңалықтар емханалардың халыққа қызмет көрсетуі сапасын жақсартуға мүмкіндік бередіеліміздің бас дәрігері. Сондай-ақ, медицина саласындағы бәсеке қабілеті артады деп пайымдайды.
Назкен Байтілес, «Алматы» телеарнасы