Универсиада ойындарынан соң Атлетикалық ауылындағы 1748 пәтер алматылықтарға беріледі

25.01.2017 15:37

Универсиада ойындарынан соң, Атлетикалық ауылдағы 1748 пәтер алматылықтарға беріледі. Бұл үй кезегінде тұрып, баспаналы боламын дегендер үшін ғана емес, Алматы экономикасы үшін де септігін тигізбек. Дүбірлі дода аяқталған соң, пәтерлердегі 4800 жиһаз жиынтығы еліміздегі балалар үйі мен интернаттарға таратылады. Баспаналар ретке келтіріліп, азаматтарға жалға беріледі. Толығырақ әріптесім Азамат Әуезхан тарқатады.

Қазір атлетикалық ауылда қонақтарды орналастыру және дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Дүбірлі додаға қатысушы спортшылар мен қонақтар қазірдің өзінде бірінен кейін бірі келуде. Спортшылардың жайлылығы үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Делегаттарды күтіп алудан бастап, оларды тамақтандыру, жаттығу жұмыстары мен жатын орындарын қарастыру алдын ала жоспарланып қойған.

«Қазір спортшыларды қарсы алу жұмыстары жүріп жатыр. Олар атлетикалық ауылдағы барлық үйге орналастырылады. Тамақтанатын, жаттығу жасайтын орындардың барлығы дайын. Қонақтар жақсы пікір білдірсе, біздің еңбегіміздің еш кетпегені»,- деді Алматы қаласының спорттық нысандары дирекциясының басшысы, Сергей АПЕНКО.

Универсиада ойындарынан кейін мұндағы 1748 пәтер үй кезегінде тұрған алматылықтарға жалға берілмек.

¤Қазір бұл пәтерлер қонақ үйді еске түсіреді. Мұнда қонақтарға қажеттінің барлығы бар. Шкаф, теледидар, тоңазытқыш, тіпті сейф те қарастырылған. Ал ойындар аяқталғаннан кейін, бұл жиһаз жиынтықтары еліміздегі балалар үйі мен интернаттарға жөнелтіледі.

Жалға берілетін пәтерлердің шаршы метрі 1036 теңгені құрайды. 1748 пәтердің 996-сы бір бөлмелі, 560-ы 2 бөлмелі және 192-сі 3 бөлмелі пәтерлер. Жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жетімдер, 1,2 топ мүгедектері алуына мүмкіндік бар. Ол үшін Тұрғын үй басқармасына бірнеше құжаттарды өткізулері шарт. Жалға алу мерзімі 20 жыл. 

«Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды қолтаңба алуы керек. Яғни, құжаттардың барлығы электронды түрде қабылданады. Тапсырғаннан кейін, құжаттарды Тұрғын үй басқармасының қызметкерлері ол құжаттарды түгендеп, реттеп, тұрған жылдарыңызға қарай, жолдама жібереді. Сол жолдама бойынша сіздер, Қазақстан Ипотекалық компаниясына барып, төлем қабілеттеріңізді дәлелдеуіңіз қажет. Оны тұрғын үй басқармасына алып келгеннен кейін, құжаттарыңыз қаралып, пәтер бөлінеді»,- деді Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының бас маманы, Әзірет ЕСЕЕВ.

Алматыда әлемдік деңгейдегі дүбірлі доданы өткізу қаланың экономикалық жағдайына өз әсерін тигізері сөзсіз. Атлетикалық ауылдағы инфрақұрылым жүйесі: Халыққа қызмет көрсету орталығы, кітапхана, полиция бөлімі мен дүкендер желісі, спорттық нысандар халық игілігіне қызмет етеді. Бұл шаралар қыркүйек айына қарай толық орындалады дейді жауаптылар.

 Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы