Шетелде еңбек ететін Қазақстан азаматтарының құқығы қорғалады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында мәлім болды. Халық қалаулылары аталмыш түзетулер заң жүзінде Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында еңбек ететін адамдардың жазатайым оқиғаларға тап болу жағдайын тергеп-тексеру, анық-қанығын білуге септігін тигізеді,-дейді.
Депутаттар жазғы демалысқа дайындалуда. Сәрсенбідегі бас қосуда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ағымдағы сессия жұмысын қорытындылады. Бірнеше маңызды құжаттарды сүзгіден өткізіп, мақұлдады. Қарастырған маңызды мәселелердің ішінде «Еуразиялық экономикалық одақ» аясында еңбек ететін жұмысшылар жайы сөз болды. Белгілі болғандай енді қазақстандықтардың құқығы шетелде қорғалатын болады. Туындаған түрлі жағдайда қажетті көмек көрсетілетін болады. Заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова таныстырды.
«Топтық, ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаларды тексеру аяқталғаннан кейін, актіні тексеру материалдарымен бірге зардап шегуші азаматтың тұратын мемлекетінің уәкілетті органына жолданады. Қатысушы мемлекеттің аумағындағы болған жазатайым оқиғаны тексеруге байланысты берілген құжаттар немесе екінші қатысушы елдің біреуінің аумағында жасалған құжаттардың көшірмелері Қоғамдастықтың басқа елдерімен легализациялаусыз қабылданады»,-деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.
Депутаттар бұдан бөлек балалардың суретін, болмаса бейнесін әлеуметтік роликтерге қолдануға салынған тыйымдарды алып тастады. Сонымен қатар кез келген коммерциялық жарнаманың кешкі уақытта көрсетілуіне тосқауыл жасалмақ. Бірақ бұл біртіндеп жүзеге асатын шаруа. Отандық арна басшыларының келісімімен жасалынған аталмыш заң жобасы өткен жылы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
«Ешқандай қиындақ туындамайды. Ол өзгерістер, ұсыныстар біз телекомпаниялармен талқыладық. Ұсыныстар жалпы қабылданды»-деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.
Бақыт Сұлтанов осы тұста Шымкент қаласының болашағына қатысты журналистер сауалына жауап берді. Оның айтуынша, қаланың бюджеті күзде қайта қарастырылады. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да өседі деген болжам бар. Айта кетейік, маусымның он тоғызында Президент жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың санатына кірді. Дәл осылай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі Түркістанға көшіріліп, Түркістан облысы пайда болды.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан.