«Үш тілде білім алу» жүйесі ойдағыдай іске аспауда

07.12.2017 23:04

«Үш тілде білім алу» жүйесі ойдағыдай іске аспай жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова мәлімдеді. Оның айтуынша, 2 жыл бойы физика, математика, химия, биология пәндерінің мұғәлімдері мемлекет есебінен деңгейін көтеріп келеді. Әрі, елді-мекендердегі ұстаздар арнайы тамақтандыратын және жатын орны бар орталықтарға жіберілген. Бірақ, осы уақыт аралығында тілді меңгеру деңгейлері өспеген. Тіпті, қайта курстан өтуге мәжбүр болуы ықтимал -дейді халық қалаулысы. Айта кетейік, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін, мемлекеттік бюджеттен 2016-2017 жылдарға 11 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінсе, 2018-2020 жылдарға 19 млрд теңгеден астам сома бөлінеді деп көзделуде.

«Дәл осы аралықта тіл үйреніп жатқан мамандардың жалақылары сақталып келеді. Оны ауыстыратын адамға қосымша қаржы төленеді. Демек, орнында жоқ мұғалімге айлық екі есе көлемде төленіп отыр. Бүгіннің өзінде 3 айлық мерзім жеткіліксіз болғандықтан, кей ұстаздар курстарға қайта жіберілуі мүмкін деген пікірлер бар. Осыған орай, ағылшын тілінде өз ойын еркін жеткізе алмайтын мұғалім ертең, өз пәнін дұрыс түсіндіре алатынына күмән бар»,-деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Ирина СМИРНОВА.