«Көшенің көркі мен тазалығы – әрбір тұрғынға абырой» деген Медеу ауданының халқы ерекше акцияны бастады. «Біздің көше» деп аталатын жобаның аясында олар бір үйдің баласындай аула мен көшелерді өздері ретке келтіреді. Тұрғындар қазірдің өзінде 35 көшені көріктендіріп үлгерген.
Ал көп балалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға тазалау және сырлауға әкімдік қызметкерлері, еріктілер көмектесуде.
Айта кетейік, биыл жалпы Медеу ауданында 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бүгінде 14 көшеде де жұмыс толығымен аяқталған. Одан бөлек, 2 миллиард теңгеге 100 ауланы абаттандару қолға алынып отыр.
«Негізі акцияның міндеті – мынау сенің үйің, бұл сенің қоршауың, бұл сенің көшеңнің айналасы. Сондықтан да осыған ұқыпты қарашы. Осы әрбір жасалынған жұмыс, бірінші кезекте тұрғындар үшін керек екенін біздің акция жеткізе білді. Осының арқасында 380 үй қамтылды. 4 тонна сыр-бояу жұмсалды. Бұл акция ары қарай да жалғасын табады», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.
«Әрбір үй өзінің тазалығын, көшенің тазалығын, жастарға үлгі болсын деп әлгі қазақта мақал бар. «Ауылын көріп, азаматын таны» дегендей. Тазалыққа барлық жұртшылықты шақырамыз. Ауылымызды көркейтуіміз, таза ұстауымыз керек. Әрбір үй өзінің ауласын тазалап, шарбақтарын бояп, сәнге келтіру мақсатында осындай игі істер атқарып жатырмыз», – дейді қала тұрғыны Кемелжан АМАНОВ.