Алматы метросында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейдегі қайғылы жағдайдан соң Алматы метросында да қауіпсіздік күшейтілді. Қазір әр бекетті тәртіп сақшылары үш-төртеуден торуылдап жүр. Ал, жолаушылар метроға кіреберістен бастап, діттеген жеріне жеткенше жіті тексерістен өткізілуде. Күдікті заттары болса бірден тәркіленеді.

Көршілес елден жеткен суыт хабардан соң, Алматы метросында бірден қауіпсіздік күшейтіле бастады. Тәулігіне 45 мың адамды тасымалдайтын метрода қазір қарбалас. Жер асты көлігіне бет алған жолаушылардың барлығы кіреберістен қатаң тексеруден өткізіліп жатыр. Күшейтілген қауіпсіздік шараларына байланысты әдетте әр бекетте тек жалғыздан жүретін полицейлер топтасып үш-төртеуден жүр. Тәртіп сақшылары сырт келбеті күдік тудырған адамдарды қадағалап, жолаушылардың үлкен сөмкелерін жіті назарға алды.

«90 пайызын біздер тексеріп жатқанбыз осы уақытқа дейін. Кешегіден бастап 100 пайыз тексеріс өткізіп жатыр. Барлығын металл детектор арқылы, рентгенотелевизионный қондырғылар арқылы қазір тексеріп жатырмыз заттардың барлығын. Қауіпсіздікте біздерде қазір мына көлік қауіпсіздігінің қызметкерлері 113 адам бар штат бойынша. Әрбір ауысымда 23-24 адамнан келіп отырады. Әр станцияда екеу, үшеуден келіп тұр әр дестюбильдерде», - деді «Метрополитен» КМК қауіпсіздік қызметінің бас ревизоры Бақытжан ӘБДІРАХМАНОВ.

Тексерушілер ең әуелі суық қарулар мен жарылғыш, сондай-ақ химиялық заттардың бар-жоғын бақылайды. Ал, табылған жағдай болса бірден тәркілейді.

Метроның әрбір бекетіндегі қауіпсіздікті күшейту үшін мынадай кинологтардың арнайы үйретілген иттері тексерісте жүр. Мысалы, менің жанымдағы Чеки таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді, тынбайды.

Метро бекетіндегі полицейлер мұндай ақылды иттің жетеуімен жұмыс істейді. Иісшілдер тексеріске әбден дағдыланған. Айналадағы жолаушыларға сес көрсетпейді. Өткен-кеткен адамды тінтіп жүріп, тек күдікті заттары барларын ғана анықтап береді. Бұндай қауіпсіздік шарасы әсіресе таңғы және кешкі мезгілде күшейтіледі. Бұрын-соңды мұндай тексерісті көрмеген жолаушылар жүріп-шығуымызға аздап кедергі болса да, өз қауіпсіздігіміз үшін қолдаймыз деді.

Аламты метросында күшейтілген қауіпсіздік шарасы қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Десе де, жауаптылар кем дегенде 2 апта жолаушыларды қатаң тексеретінін жеткізді. Сондықтан қала тұрғындарын сақтық шарасына түсіністікпен қарауға шақырды.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров