Алматы музейінде 18-19 ғасырдағы қазақ зергерлерінің технологиясын қалпына келтіре білген шебер Айжан Әбдубайттың көрмесі ашылды. Суретшінің ерекше туындыларын халық бір ай бойы ташамалай алады. Көрмеге хан киімдерінің жиынтығы, Жәңгір ханның мундирі мен Фатима ханшаның бешпенті, Қожа Ахмет Яссауидің қабіржапқышы қойылған. Зергер тарихи туындыларды зерттеудің өзіне ғұмырының 30 жылын арнағанын айтады. Айтуынша, құндылықты түпнұсқаға ұқсатып қайта тігу үшін аса ерекше дайындық керек екен. Зерлеу - бұл тек қана алтын жіппен тігу техникасы емес, бұл ерекше философия, дейді шебер. Өйткені, алтын жіппен тігудің түбірі тереңде жатыр.
«Зер өнері деген қазақтың ең бір киелі, текті, ұмыт болып кете жаздаған өнері. Көрменің ең басты мақсаты - біздің халқымызды және әсіресе жасөспірім, келешек ұрпаққа осындай біздің өнеріміздің бар екенін, оны ұмытуға болмайтындығын және оны ары қарай жалғастыру керек екендігін жеткізу. Ұстазсыз шәкірт тұл, дейді. Мынау өнер ғылыми түрде зерттелмеген, не методикалық құрал немесе бір мектеп ретінде жазылып, бұл өнер былай жасаулы керек деген ешқандай нұсқау жоқ болды», - деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Айжан ӘБДУБАЙТ.
Қазақтың бұл мәдени һәм рухани мұрасы осыған дейін ұмытылудың аз алдында қалды, дейді тарихшылар. Тек 1990-шы жылдары автордың бастауымен қайта қолға алыныпты. Сәндік-қолданбалы өнердің ежелгі дәстүрін жаңғыртқан шебер тарихи артефактілерді қайта қалпына келтіріп ғана қойған жоқ. Сонымен қатар, түрлі қазақтың ұлттық киімдерін зерлеу әдісімен тігіп, ұмыт қалған технологияны қайта жаңартты.