Наурызбай ауданында бос тұрған бөбекжай ғимараты қала меншігіне өтпек

12.05.2017 15:41

Наурызбай ауданында қаңырап бос тұрған бөбекжай ғимараты қала меншігіне өтетін болды. Аумағы 2 мың шаршы метрге жуықтайтын нысан осыған дейін мемлекеттің мүлкі саналған. 2007 жылы әлгі ғимарат «Центр Вид» серіктестігінің сенімді басқаруына берілген еді. Келісім бойынша, кәсіпкерлер балабақша жұмысын жандандырулары тиіс болған. Алайда, арада 10 жыл өткенде мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыс негізінде оны серіктестікке 18 млн теңгеге сатып жіберіпті. Негізінде, ол телім қала меншігінде еді. Сол себепті, комитет пен жеке компания арасындағы келісімшарт қала басшысы Бауыржан Байбектің тапсырмасымен күшін жоймақ. Ал, қаңырап бос тұрған нысанды «Нұр Отан» партиясының мүшелері байқаған. Айта кетейік, бүгінде Наурызбай ауданында бөбекжай кезегінде тұрған мың жарымға жуық бала бар.