Алматының Наурызбай ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

29.06.2018 17:15

Бүгін жұмыспен қамту орталығының мамандары Наурызбай ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. 7-ші қалалық аурухананың алдында  100-ге жуық азаматтың түрлі өтініштері қабылданды. Бүгінгі студенттерден бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргендер де қатысқан.

«Мұндай шараларды жиі өткізу тиімді. Соңғы жәрмеңкеде қаламыздың тұрғыны осындай шатырдың астында тұрып жұмысқа орналасты. Түйіндемесін жұмыс берушіге жібердік. Олар осында келіп, бірден жұмысқа қабылдады»,-деді Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Алма АУҒАНБАЕВА.

Бүгінгі жұмыспен қамту науқаны осымен қалада 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы көк базар мен орталық мешіттің маңында болған еді. Мыңға жуық өтінім бергендердің 100-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Мектеп оқушылары мен студенттердің орташа жалақысы 50 мың теңге. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық жастар еңбек етуде. Психологтар мен менеджерлер жәрмеңкеге келгендерге жұмыс берушімен қалай сөйлесу керектігін, түйіндемені дұрыс толтыруды үйретті.