Наурызбай ауданындағы Абай даңғылында Астана қаласының жиырма жылдығына орай 20 киіз үй тігілді. Қаз-қатар тігілген ақшаңқай үйлер бірінен-бірі өтеді. Дегенмен, сәні мен салтанаты оза түскенді қазылар алқасы таңдады. Жеңімпаздарға тек алғыс хат емес, құнды сыйлықтар табыс етілді.
Қыстан аман шығып, ұлыстың ұлы күнінде бір-бірімен арқа-жарқа болып қауышып жатқан наурызбайлық тұрғындардың ұлан асыр тойы бұл. Аудан халқы Әз-Наурызды биыл жылдағыдан ерекше, дүркіретіп тойлады. Жас ауданда еңбек ететін ұжымдар 20 ақшаңқай киіз үй тігіп, әр отауға арнайы ат қойды. Байқау шарты бойынша мұндағы әр киіз үйдің безендірілуі, ұлттық тағамдардың алуан-түрлігі және дәстүрлердің дәріптелуі сарапқа салынды. Ең үздік шыққандарға бағалы сыйлықтар табысталды.
«Астана қаласының 20 жылдығына байланысты ауданымызда да 20 қазақ үй тігіліп, аудан тұрғындарына тойдың маңызын білдіріп, тойдың тереңдігін білдіріп, ерте заманнан келе жатқанын білдіріп, жас ұрпаққа ата-бабалары қандай болғанын, қандай үйлерде тұрғанын көрсетіп дегендей және өзіміздің салт-дәстүрлерімізді көрсетіп жатыр. Әрбір қазақ үй бір салт-дәстүрден таңдап, тұрғындарға көрсетіп жатыр»,- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ
Әр 20 киіз үйде, қыз ұзату, бесікке салу, тұсау кесер сынды жиырма түрлі дәстүр дәріптелді. Өшкеніміз жаңғырып, жоғалғанымыз қайта табылғандай болды. Қаз тұрған Жасұланның ата-анасы бұл күнді асыға күтті. Ұлыстың ұлан асыр тойында туыстары бөбектің тұсаукесерін жасады. Бүлдіршіннің алғашқы қадамын жасату ауданның құрметті ақсақалы мен әкіміне табысталды. Үлкендер осылайша ақ батасын жаудырып, салт-дәстүрді жаңғыртып жатты. Ал әр қонаққа тәттіге толы көл-көсір дастарханнан дәм татқызды.
Самарқанның көк тасы еріп, жұрттың аузы аққа жетті. Шараға келген әр қонаққа бауырсақ пен мерекенің басты дәмі - наурыз көже таратылды. Айта кетсек, биыл Наурызбай ауданы Әз-Наурызды Абай даңғылында өткізді. Өйткені халық саны жыл санап артып келе жатқан жас ауданда мерекелік шараға қатысушылар да көбейген. Сондықтан олардың емін-еркін тынығуы үшін, ат шаптырым аумақ таңдалыпты. Жергілікті әкімдік мұны игі дәстүрге айландырып, жыл сайын мерекені осы аумақта өткізуді жоспарлап отыр. Ұйымдастырушылар әр тұрғынның көңілін табуға тырысқан. Алтыбақан құрылып, тұрғындар ұлттық ойындарды тамашалады. Алаң ортасындағы сахнада концерт өтіп, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өткізілді. Ұлан-асыр той кешке дейін жалғасып, 10 мыңға жуық адам келді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы