Алматыда еріктілер мұқтаждарға тегін ыстық тамақ таратуда

04.04.2017 в 15:35

Алматыда еріктілер мұқтаждарға тегін ыстық тамақ таратып жатыр. Асты Наурызбай ауданының Қарағайлы елдімекеніндегі мешіт маңынан алуға болады. Дүңгіршіктегі тамақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған. Қоғам белсенділерінің идеясына аудандық әкімдік қолдау білдірген. Ыстық тамақ тарататын дүңгіршек аптаның тек үш күнінде яғни, дүйсенбі, сейсенбі және жұма күндері түскі уақытта жұмыс істейді. Еріктілер күніне 100 кісілік тамақ таратады. Болашақта жобаларын қолдаушы табылса, дамытуға да ниетті.

«Біздің қордың алға қойған 8 нақты мақсаты бар. Соның бірі - «Өмір үміт» деп аталады. Оның аясында әлеуметтік осал топтарға тегін тамақ таратамыз. Шетелдік тәжірибиені зерттедік. Онда осындай игі шаралар жиі жүзеге асады. Наурызбай ауданы әкімдігімен бірігіп жұмыс істейміз. Болашақта мұндай дүңгіршіктерді қаланың 8 ауданында да ашқымыз келеді», - деді қайырылымдық қор президенті Елдар ӘУТӘЛІПОВ.