Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды

13.07.2017 15:40

Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 80 жастағы қарт көз жұмды. Ал тағы бір зардап шеккен азамат аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Апат кеше таңғы сағат 8-де болған. Оқиғаның жай-жапсарын жарылыс болған жерге барып келген әріптесім Перизат Көмекбайқызынан сұрап білсек. Перизат, куәгерлермен тілдесе алдың ба? Аман қалған азаматтың хәлі қалай екен?

Орбита-4 ықшамауданындағы бұл үй қаланың орталығында орналасса да, әлі газдандыру жүйесі жүргізілмеген. Сондықтан, мұндағы тұрғындар электр плиталарын пайдалануға мәжбүр. Ал оқыс оқиға болған үйдің иесі электр қуатын үнемдеймін деп, газ баллонын пайдалануды жөн санаған. Алайда, сақтық шараларын сақтамаудың салдары төтенше жағдайға алып келді.

Жарылыс болған пәтердің иесі жалғыз тұрыпты. 80 жастағы кейуана оңбай күйіп қалған. Дәрігерлердің сөзінше, денесінің 80 пайызын күйік шалған. Оны құтқару мүмкін болмады дейді. Оқыс жағдай кеше таңғы сағат 8-де болған. Жарылыстың күші қатты болғаны соншалық басқа пәтерлерді сілкіндірген көрінеді.  

Любовь Крылдакова қаза тапқан қарт ананы жақсы таныған. Ол бір қабат төмен пәтерде тұрады. Зейнеткер жалғыз тұрғандықтан, күйеуім екеуіміз азық-түлік басқа да қажеттіліктермен көмектесіп тұруға тырысатынбыз дейді. Төтенше жағдай болған күні де, алғашқылардың бірі болып көмек көрсетуге тырысыпты.

«Кеше таңғы сағат сегізде күйеуімді шығарып салып жатқанмын. Енді пәтеріме қарай бет алғанымда жарылыс дауысын естідім. Алғашында жер сілкінді деп ойладым. Дауыс қайдан шыққанын түсінбей қалдым. Кейіннен көршінің үйінде жарылыс болғанын естідім. Бірден көмектесуге тырыстым»,- деді Қала тұрғыны, Любовь КРЫЛДАКОВА.

Жарылыс кезінде талай жыл мектепте қызмет еткен ақжаулықты ананың қасында 46 жастағы ер адам болған. Оның денесінің 40 пайызын күйік шалыпты.

«Қауіпсіздік үшін терезелерді аштым. Газ баллонның редукторын ауыстырдым. Сіріңкені жағып тексерейін деп едім. Ары қарай не болғанын білмеймін. Баллоннан шыққан газды қолмен өшіруге тырыстым. Мен қатты күйген жоқпын. Ал үйдің иесінің жағдайы ауыр еді»,- деді Зардап шегуші, Радик ИСРАИЛОВ.

Науқас қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайы әлі де ауыр дейді.

«Күйіктің әр түрлі дәрежесіне байланысты енді ең азы бір айдай емделеді. Өйткені, күйіктің үшінші А дәрежесі бар. Күйіктің үшінші а дәрежесі 4 аптаға дейін емделеді»,- деді Күйік бөлімінің меңгерушісі, комбустиолог дәрігер, Нұржан БИҚОҢЫРОВ.

Тұрғындардың сөзінше, бұл үй 1979 жылдары тұрғызылған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілген. Ал қазір мұнда бұрыннан тұрып келе жатқан азаматтардың сөзінше, көбі жалдап тұрады екен.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы