Астанадағы №69 мектептің оқушылары асханадан бас тартты

09.01.2018 20:41

Мектеп асханасындағы астың құны мейрамханамен теңескен. Елорда іргесінде орналасқан «Үркер» ықшам ауданы тұрғындары балаларының денсаулығына алаңдаулы. Айтуларынша, аймақтағы № 69 мектеп асханасы қызметкерлері талапқа сай жұмыс атқармай келеді. Балақайлардың бірінші асы қара суға бөккен ботқа болса, екінші ыстық тамақтан ет атауын таппайсың - дейді. Бағасы мен сапасы сәйкеспейтін асханада улану оқиғасы да орын алып тұрады. 

Гүлсімнің отбасымен «Үркер» ықшам ауданына көшіп келгеніне біраз болыпты. Тұңғышын осы нөмірі 69 мектепке беретін жас ана бұрын бұндай мәселе болмаған дейді. Бірақ, соңғы уақытта елдің мектептің асханасына деген ашу-ызасы күшейе түскен. Айтуынша, асхана қызметкерлері балалар сыбағасына қол сұғып, тамақтың мөлшерін азайтып отырған. Ол аз болғандай құны да қалта көтермейтін көрінеді. Мейрамханадағы ас мәзірінің бағасымен пара-пар. 

«Оқу жылы бастала салып, балалар үйге айтып келді басқа ескі арендательдер келді. Бағалар қайтадан өсіп кетті.Тамақ ұнамайды деді. Түскі ас 250 теңгеден. Жаңағы ол тек ыстық тамақ. Екіншіге, күріш пен котлета, компотты қоспағанда. Сондықтан, олар магазинге барып алады»,-деді «Үркер» ықшам ауданының тұрғыны, Гүлсім БАЙЖАНОВА.

Ал, сапасын ауызға алудың қажеті шамалы. Уланған кездер де болыпты. Шыдамның шегі деп шегінуден бас тартқан аудан тұрғындарының біразы тиісті органдарға шағым түсірсе, баламыздың бағын байлайды деген тағы бір топ ата-ана базынасын білдіруге батпаған. 

«Уланған сәттер болды. Мектептен уландық деп айта алмайды. Ата-аналар басында айтқысы келді. Сосын жасырады. Өйткені, қорқады.Мұғалімдер келіп айтады. Өтініштер болса онда оны бізбен ғана, мектеппен ғана шешіңіздердеп»,-деді «Үркер» ықшам ауданының тұрғыны, Гүлсім БАЙЖАНОВА.

Алғаш кезде қабағы қатулы, түсіруге қарсылық танытқан мектеп басшысы бір демде өзгеріп шыға келді. Айтуынша асханадағы астың сапасыздығына жалға жұмыс істеген мекеме  кінәлі. Осы уақытқа дейін зар илеткен компаниядан жуырда ғана құтылыпты-мыс. Білім ордасының бас мұғалімі бүгінгі таңда оқушыларға барлық жағдай жасауды қолға алдық деп ақталды.  

«Екінші рет жиналыс өтті. Шынында да ескертулер болды. Әрі «СТО СОЦИУМ ПИТУМ» компаниясымен біз келісім шартты бұздық.Талапқа сәйкес егер де бір ата-анадан шағым түссе. Онда ол компаниямен жұмыс жасай алмаймыз. Мектепте балаларға барлық жағдай жасалған»,-деді Астана қ. «Үркер» ықшам ауданы № 69 мектеп директоры, Құсни ЖҮНІСОВА.

Қалалық білім басқармасы да осы мектепке қатысты түскен шағымды растады. Айтуларынша кінә директордан болған дейді. Мектеп басшысы ата-аналар шағымына немқұрайлық танытып, қажетті кезінде қарекет қылмаған.  

«Білім басқармасынан комиссия құрылып, 69 мектепті барып тексеріп шықтық. Ол тексеру барысында асхана ішіне кіргенде талапқа сай келді. Тамақтың салмағы сәйкес келді. Қызмет көрсетуші, мына поставщикпен сөйлескен кезде ол ата-аналардың ұсыныстарын жеткізбеген болып шықты. Сондықтан, сол мектептің басшысына тәртіптік кеңесте қаралып, ескерту берілді»,-деді Астана қ. білім басқармасы кәмелетке толмағандарды қорғау бөлімінің басшысы, Ләззат ОРЫНБАСАРОВА.

Десе де, ата-ана көңілі орнында емес. Айтуларынша, асханадағы қызметкерлер дәл баяғыдай қаз-қалпында қалған. Тек компанияның аты өзгеріпті. Баға да сол күйінде көрінеді. Мектепте, тағамнан басқа өзге де түйткілдер жетіп артылады. Астананың іргесінде тұрып аралда қалған жанның күйін кешкен  аудан тұрғындары  оқушылар сан түрлі сайыстарға да қатысудан қалды дейді.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан