Алматы қалаларында «Қазпоштаның» жетілдірілген 102 бөлімшесі ашылды

Алматы қалаларында «Қазпоштаның» жетілдірілген 102 бөлімшесі ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде сәлемдеме енді жаңартылған бөлімшелерде берілетін болды. Бірқатар облыстар мен Қарағанды және Алматы қалаларында «Қазпоштаның» жетілдірілген 102 бөлімшесі ашылды. Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев арнайы қатысты. Бұдан былай тұрғындардың кезекте уақыт жоғалтпастан кез-келген қызмет түрін оңай алуға мүмкіндігі бар. Жаңартылған бөлімшелерде пошта және қаржы қызметтерін көрсету залы, операциялық терезелердің саны біршама көбейген. Тұтынушыларға жайлы жағдай жасау үшін жобаға «Самұрық-Қазына» қоры 4 млрд теңге бөліпті. Сондай-ақ, биыл тәулік бойы жұмыс істейтін Post 24 өзіне-өзі қызмет ету аумағы ашылды. Жаңғырту бұл тек күрделі жөндеуден өткізу емес, сонымен қатар технологиялық құрамның жаңартылуын көздейді. Тағы бір айта кетерлігі, операциялық бөлмелердің ауқымы 9 000 шаршы метрден 19 000 шаршы метрге дейін ұлғайтылған.

«Осы жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ, жылдың аяғына шейін тағы 54 ашамыз. Сосын 2 жылдың ішінде тағы 298 осындай бөлімше ашамыз. Бұл қандай жұмыс? Біздің азаматтарымыз өте ыңғайлы кезеңде кедергісіз қызмет алу. 10-15 минуттың ішінде барлық қызметті алып кету. Пенсия сұрақтары болсын, сәлемдеме сұрақтары болсын, мынау коммуналдық төлемдер болсын»,- деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы, Сәкен СӘРСЕНОВ.

Бұл Алматыдағы жөндеуден өткен әзірге 4-ші бөлімше, ал болашақта тағы 18 жаңартылатын болады. Жалпы, Алматыда «Қазпоштаның» 97 бөлімшесі, ал, Республика бойынша 3473 бөлімшесі бар екен. Оның 78 пайызы ауылдарда ашылған.  Есте болса, бұған дейін жаңартылған бөлімшелер Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда қалаларында ашылған еді. Жылына пошта қызметкерлері Қазақстан бойынша 236 миллионнан астам хат, сәлемдеме мен газет-журнал жеткізеді.




Новости партнеров