Павлодарлық № 29 балабақша бүлдіршіндерді саусақтардың ізі арқылы қабылдай бастады

25.06.2018 20:12

Павлодар қаласының № 29 балабақшасында «Smart Павлодар» жобасы аясында балаларды саусақ іздері арқылы өткізу жүйесі орнатылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.


Балабақшаның әр тобының кіреберісінде бүлдіршіннің қай уақытта келіп- кеткенін есте қалдыратын құрылғы қойылды. Ол үшін құрылғыға саусақты алдымен ата-ана, кейін тәрбиеші қояды. Бұдан кейін «Smart Павлодар» қосымшасын жүктеген ата-ананың ұялы телефонына хабарлама келеді. Аталмыш бағдарламаны PlayMarket пен AppStore-дан жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, ақпаратты алу үшін ата-анаға логин пен құпия сөз беріледі. Бұған қоса, жүйе шексіз адамның саусақ ізін қабылдай алады. Ол үшін отбасы мүшесіне балабақша әкімшілігіне өтінім жазуға болады. Жүйеге еңгізу уақыты 5-10 минутты алады.


- Егер де бұрын бала тәрбиешінің қолына көзбе-көз ғана тапсырылса, енгізілген жүйе бұл істі автоматты түрде жадыға сақтап қалады, - деді «BFGroupInc» ЖШС басшысы Сергей Голышев. – Қазіргі уақытта құрылғыны одан әрі жетілдіру үстіндеміз. Екі тілде жүргізілетін дауысты сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны толықтай сынап болған соң, осы балабақшаға енгіземіз. Дауысты сәйкестендіру кезінде қызыл немесе жасыл түстер жанатын болады. Құрылғыда қызыл түс жанса, тәрбиеші баланы қабылдай алмайды деген сөз. Оған, баланың медициналық анықтамасы немесе балабақша үшін уақытында төлемақы төленбеуі себеп болуы мүмкін. Бағдарлама ата-ананы автоматты түрде мекеме басшысына не болмаса медпунктке жібереді. Десе, де осындай жағдайларды болдырмас үшін ата-аналарға алдын ала хабарлама жіберілетін болады. Бұдан басқа, бағдарлама баланы балабақшаға қабылдау кезінде ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді. - Осы жүйе арқылы қала балабақшаларында қанша орын қамтылған және бос екені анық көрінеді. Бұл мекеме басшыларын да тәрбиеге салады. Алдағы уақытта жүйе қаланың басқа да балабақшаларына орнатылады, - деді білім бөлімінің басшысы Гүлнар Қадырбаева.


Жалпы бұл балабақшаға 12 оқу құралын орнату үшін қала бюджетінен үш миллион теңге бөлінген. Ал абоненттік төлем жылына 700 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат та қала бюджетінен жабылады. Ата-аналар үшін жүйе тегін болады. Саусақ іздерін оқитын жүйені қаланың 100 мемлекеттік балабақшасына орнату жоспарда бар. Тек уақыты әзірге белгісіз.