Алматының Алатау ауданында қоғамдық көлік жетіспеуде

23.02.2017 16:09

Емханаға жету мұңға айналды. Арнамызға хабарласқан Алатау ауданының тұрғындары осылай деп шағымданды. Белгілі болғандай, №23 емханаға қатынайтын жалғыз автобус осыдан  жарты жыл бұрын жұмысын тоқтатыпты. Соның кесірінен, бұқара емханаға таксимен баруға мәжбүр.

Алматылық Надежда Мельник басы ауырып, балтыры сыздаса өз мекен-жайы бойынша тіркелген №23 емханаға жету үшін, осылай жол жиегінен такси тоқтатады. Өйткені, ол жаққа зейнеткердің үй маңынан бір де бір қоғамдық көлік қатынамайды. Осыдан жарты жыл бұрын «Ұлжан» ықшамауданынан жүретін №125-ші бағыттағы автобус жұмысын тоқтатыпты. Ал, оның орнына өзге қоғамдық көлік қойылмаған. Салдарынан Алатау ауданының 13-ші, 14-ші ықшамаудандарда тұратын тұрғындар сол «Ұлжандағы» 23 емханаға жете алмай әлек болуда.

«Бұрын біз өзіміздің үйіміздің маңындағы 8 емханада тіркеуде болған едік. 3-4 жыл бұрын Алатау ауданына қарасты «Ұлжан» ықшамауданындағы 23 емханаға тіркеді. Алыс болса да көндік. Өйткені, үй маңынан ол жаққа қатынайтын автобусымыз бар еді. Ал, қазір оны да жоқ қылды. Соның кесірінен емханаға барып-қайту үшін таксиге шығындалудамыз»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Надежда МЕЛЬНИК.

23 емханаға жетуі мұң болған тұрғындар тым көп. Отбасылық емханаға жүкті әйелдер де, кішкентай балаларын жетектеген ата-аналар да, зейнеткерлер мен еңбектеген қарттар да барады. Олардың көбі қоғамдық көліктің жоқтығынан, ақшасын жырып таксиге төлеуге мәжбүр болуда.

«Немеремнің ыстығы көтеріліп ауырғанда оны емханаға алып бара алмадым. Сөйтіп, дәрігерді үйге шақыруға тура келді. Бірақ, ол дәрігердің төбесін де көрмедік. Кейін шағымданғанымда, ақ халаттылар шақыртудың көп болғанын, бір мекен жайдан келесісіне жетудің қиындығынан үлгермегенін жеткізді. Қоғамдық көліктің жоқтығы науқастарға да, дәрігерлерге де қиын болып тұр»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Наталья БОРОДИНА.

Бұрынғы тасымалдаушылар жолаушының аздығынан шығынға батып, 125 бағытты тиімсіз деп жұмысын тоқтатыпты. Содан бері, «Ұлжандағы» емханаға Рысқұлов пен Райымбек даңғылы, сондай-ақ  Тілендиев, Емцов көшелері аумағынан қатынайтын тұрғындарға қиындық туған.

«Қазіргі таңда, аудан әкімі аппаратынан қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс хат жолданды. Осы маршрутты қайтадан қалпына келтіру жөнінде. Управлениенің жауабы бойынша наурыз айынан бастап осы маршрутқа қайта байқау жариялайды және іске қосылады деп күтіп отырмыз»,- деді Алматы қаласы Алатау ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімнің басшысы, Нұржан ӘБДӘЛІМОВ.¤

Жауаптылар күтуден басқа қайран жоқ деп кесіп айтты. Сондықтан, ем іздеген тұрғындарға емханаларына қашанға дейін таксимен баруға тура келері әзірге белгісіз.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы