Медеу ауданында 30 балаға шақталған тағы бір балабақша пайдалануға берілді

24.08.2017 13:43

Алматы қаласының Медеу ауданында 30 балаға шақталған тағы бір балабақша пайдалануға берілді.  Жеке кәсіпкер мектепке дейінгі мекемені ашу үшін 10 млн теңге өз қаржысын құйып, 12 жаңа жұмыс орнын құрыпты.  Медеу ауданында іскерлердің қолдауымен биыл 300 балаға арналған 5 жекеменшік бөбекжай бой көтерді.  Ал былтыр 2 жарым млрд теңгеге жуық жеке инвестицияға 21 балабақша пайдалануға берілген.

«Бұл балабақшаның басқа балабақшалардан ерекшелігі - 6 күн жұмыс жасайды, сенбі күні де, түнгі кезекте де жұмыс жасайды. Ата-аналарға ол ыңғайлы. Бұл азаматшалар ата-аналармен келісіп, көлік жалдап, балаларды үйіне алып барып, алып келеді. Бұл өте маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Медеу ауданында қазір бөбекжай кезегінде тұрған бүлдіршіндердің саны 2 мыңның үстінде. Сондықтан ауданның атқамінерлері бөбекжай тапшылығын жою мақсатындағы жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, жыл соңына дейін тағы 15 балабақша ашпақ ниетте.

«Мен бұдан бұрын да талай балабақшаларды араладым. Маған біріншіден олардың жұмыс уақыты қанағаттандырмады. Төлемақысы да. Екі балаға мен 70-80 мыңнан төлей алмаймын. Ал «Балапан» бағдарламасымен 31 мың төлейміз»,- деді  ата-ана Мейрамгүл ХАСЕНҚЫЗЫ.


Теги: құрлыс