Алматыда нөмірі 77-ші бағыттағы су жаңа автобустар қайта жолға шықты. Есте болса, жеке тасымалдаушы компания бұл бағыттың тиімсіз болғандықтан жауып тастаған еді. Енді «Еуро-5» экологиялық стандартына сәйкес келетін 16 автобус жаңа бағытта жолаушыларды тасымалдайтын болады. Бұл әсіресе Жетісу ауданының тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ. Нөмірі 77-ші бағыттағы автобус «Алматы-1» теміржол вокзалы, Осипенко, Жансүгіров көшелерін, Рысқұлов даңғылы мен Кудерин және Розыбакиев көшелерін, сонымен бірге әл-Фараби даңғылынан жүретін болады. Соңғы аялдама «Арман» автобекеті. Ресейден шыққан автобустардың барлығы кондиционер, пандус және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында автобустарды өзі көріп, сапасына баға берді.
«Алматыда "Оңай" картасы бойынша алғаш рет 1 млн 400 мың транзакция жасалды. Қазір төлем жүйесі толықтай заңдастырылды деп айтуға болады. Өсім бар. Біз халыққа түрлі бағыттағы автобустарды ұсынып, көбірек жаңа қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуды көздейміз. Жекеменшік компаниялар да сервисті жақсартып жатыр», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Қаперде болса, қазан айының соңында нөмірі 103-ші бағыттағы жаңа автобустар жолға шыққан еді. Ол қоғамдық көліктен таршылық көріп жүрген Алатау ауданының халқын тасымалдайды. Дүйім жұртқа ыңғайлы болуы үшін биыл "Грин бас" компаниясы 50 автобусты сатып алған болатын. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушы «Авто Алма Транс» та нөмірі 65-ші бағыт бойынша жолаушы жеткізетін қоғамдық көлікті жұрттың қолданысына берді. Айта кетейік, биыл Алматыда 388 автобус сатып алуға қаржы бөлінген. Олардың 132-сі тиісті бағыттар бойынша қызмет көрсетіп жүр. Қалған 256-сы жыл аяғына дейін іске қосылады. Ал, жеке меншік автопарк басшылары жыл аяғына дейін 63 автобусты жолға шығармақ.