Алматыда бала туғанда салынатын екпеден бас тартқан ата-аналардың саны артқан

24.11.2017 в 21:34

Бала туғанда салынатын екпеден бас тартқан ата-аналардың саны артқан. Алматылық дәрігерлер сәбилердің денсаулығына алаңдаулы. Тек бір ғана Алмалы ауданы бойынша биыл вакциналауды қабылдамаған аналардың көлемі 10 пайызға жетіпті. Осыған орай, ақ халаттылар әйелдерге екпені егжей-тегжейлі түсіндіруге кіріскен.

Екінші сәбиін аман-есен бауырына алған келіншек әуелде баласына екпе салдырудан бас тартыпты. Ойының өзгеруіне ғаламтордағы ақпарат жазбалар әсет еткен көрінеді. Алайда, дәрігерлер оның мұндай пікірін өзгертіп, вакцинаның бала өміріндегі маңызын ұқтырған.

«Ауруханаға келердің алдында екпені салдыртпаймын деген өз ойым болған. Өйткені қазір көптеген интернет ресурстарда оқып қарасаң балаға зияны көп деп айтады. Мен өзім сондай шешім қабылдадым деп келдім. Бірақ енді осы жақтағы аурухананың дәрігерлерімен сөйлескеннен кейін өзім қабылдадым шешім салдырамын деп», - деді Жанна ҚОСЫБАЕВА.

Қалалық №1 перзентханада күніне шамамен 50-55-тей әйел босанады. Оның арасында 2-3 ана нәрестеге екпе салдырудан бас тартады, дейді дәрігерлер. Ақ халаттылардың сөзінше, соңғы жылдары вакцинаға қатысты ата-аналар арасында кереғар көзқарас көбейген.

«Вакцинаны қабылдамаймыз, бізге бұл екпенің қажеті жоқ» деген өзінің көзқарастарын көп ата-ана өзгертіп жатыр. Ата-аналардың мұндай хәлге келгеніне біз түсіністікпен қараймыз. Қазір интернет ресурстық желілерден көптеген мағлұматтар алады, көбісі интернет арқылы оқып, олар өздерінше ойлайды. Сондықтан біздермен әңгімелесіп, біз оларға деген түсініктеме бергеннен кейін көзқарастарын өзгертіп жатыр», - деді  Алматы қаласы Алмалы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиология бөлімінің басшысы Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА.

Дәрігерлер екпеден бас тартуға ғаламтордан бөлек, азаматтардың діни наным-сенімі де әсер ететінін айтады. Осыған орай, перзентханада аналарға арналған кеңес беру жұмыстары жиі жүргізіледі екен.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл вакцинадан бас тартқан ата-аналар қатары шамамен 10 пайызға өсті. Көбіне әйелдер діни көзқарастарына, біреуден естіген ақпаратына байланысты бас тартып жатады. Біз оларға жақсылап ойлануы керектігін, балаға келер қауіптерді айтып, түсіндіреміз», - деді «№1 қалалық перзентханасы» МКК нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі Сұлушаш САСАЕВА.

Жаңа туылған баланың денсаулығында ақауы болмаса, алғашқы 12 сағатта түберкүлезге және 4 күннің ішінде Б-гепатитіне қарсы екпе егіледі. Медицинада баланың иммунитеті екі жасқа толғанша әлсіз саналады. Егер осы уақыт аралығында вакциналарды қабылдамаған бала түберкүлез жұқтырса, оның арты қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін, дейді дәрігерлер. Ал екпе салынған бөбек мұндай сырқатқа шалдыққан күннің өзінде ауруды жеңіл қабылдайды.

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы