Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы жарылды

14.08.2018 17:06

Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде апатты жағдай орын алды. Қосқабатты баспананың бірінші подъездінің қабырғасы жарылып, құлағалы тұр. Тұрғындар бұл жағдайға су құбырларында болған ақаулар себеп болуы мүмкін деп отыр. Қазір жергілікті билік өкілдері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруде, деп хабарлайды otyrar.kz.

Қазанқап ақын көшесінің 2/4 үйінің тұрғындары орын алған жайсыз жайттан кейін әлі ес жия алмай отыр. Апатты жағдай 8 тамызда түнгі сағат 2-лер шамасында болған. Салдыр-гүлдір дауыстан шошып оянған жұртшылық әуелде жер қимылдады екен деп ойладық дейді.

Төтенше жағдайдан кейін қауіпті деп танылған 4 пәтер оқшауланды. Тұрғындар апатты жағдайдан кейін баспанамыздың жарықтары көбейіп, қорқынышымыз үдей түсті дейді.

Наталья Иванованың бұл пәтерде тұрып жатқанына 9 жылдан асып барады. Ескі баспанасын жамап-жасқап күнелтіп жатқан тұрғын жуырда ғана жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтады. Ал қазір үйінің сыйқы мынау.

Халықтың қауіпсіздігі үшін тұрғын үй қазір табиғи газдан ажыратылған. Жергілікті әкімдік қазір тұрғындарды уақытша баспанамен қамтуды бастадық дейді.

«Оқиға болған күні шұғыл комиссия құрылды. Пәтерлері қауіпті деп танылған 4 тұрғынның үшеуі уақытша баспанамен қамтылды. Біреуін жалдамалы пәтерге көшіру үшін қазір баспана қарастырылуда», – деді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов.

Тұрғындарға берілген уақытша баспаналардың бірі осы. Аядай ғана пәтерде бірнеше отбасы күнелтуге мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері сараптама қорытындысы апта соңына дейін белгілі болады дейді. Апаттың себебі анықталып, кінәлілер мәлім болған соң, солардың есебінен тұрғындарға баспана қаралады дейді жергілікті атқамінерлер.