Биыл 1,5 миллионға жуық азаматтың статусы нақтыланды – министр

28.08.2018 22:12

2025 жылға дейін елімізде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейі 46 мың долларға жетеді. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов дамыған 30 елдің қатарына кірудің ұлттық индикаторын таныстырды.

Тимур Сүлейменов ел тұрғындарының өмір деңгейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі көрсеткішке көтеруге ниетті. Дамыған отыз елдің қатарына кіру жолындағы прогресті өлшеу үшін халықтың өмір сапасы мен экономиканың даму деңгейін тиімді көрсететін 14 салаға бөлінген ұлттық индикатор құрастырылған.

«Бұл үшін экономиканың орта есеппен жылына 4,5-5 пайыздан кем емес деңгейдегі өсімін қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл Қазақстанда 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейін 46 мың долларға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Жоспарланған өсу қарқыны қойылған мақсаттарға қол жеткізудің қажетті шарты болып табылады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Жиында ел тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтау жүйесінде зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру жайы айтылды. Биыл жыл басынан бері мемлекеттік дерекқорларда 2 миллион 700 мың адамнан статусы болмағаны анықталған. Бірақ ведомство жеті айда оның тең жартысына, яғни 1 миллион 385 мың адамға статус берген.

«Олардың ішінде 548 мың жұмыскер еңбек шартын жасады. Олар бойынша міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. 13 мың кәсіпкер өз қызметін ресми түрде тіркеді. 22 мыңнан астам адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, үй жұмыскері жəне шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер ретінде анықталды. 17 мыңнан астам азамат жұмыссыз ретінде тіркелді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Баяндаманы тыңдаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмысты бұдан қарқынды жасауды тапсырды.

«Жұмысты ары қарай жалғастырып, жандандыру қажет. Бұл негізінен жергілікті өңір басшыларының жауапкершілігіне жатады. Біздің ең басты мақсатымыз – əрбір азаматты еңбекке тарту. Қазір цифрландыру саласы дамып келеді. Сол себептен, Мəдина Ерасылқызы, Ақпарат жəне коммуникациялар министрімен бірлесіп, жұмысты ары қарай жүргізуіңізді сұраймын», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бүгінде 84 мың адам әлеуметтік төлемдерді, ал 19 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алушы ретінде тіркелген. 29 мың әйел жүктілікке байланысты есепке қойылса, 8700 адам 3 жасқа дейінгі баласына күтім жасап отыр. Қалғандары үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер, сондай-ақ, шет елге кеткендер.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана