Алматыдағы ескі үйлер сүріледі

05.01.2017 15:30

Алматыдағы көне там жермен жексен болады. Алмалы ауданында орналасқан қос бірдей ескі үй осы көктемде сүріліп, орнына жаңадан 9 қабатты тұрғын үй кешені тұрғызылмақ. Құрылыс компаниясы өз жобаларын қалалық кеңес мүшелеріне ұсынып, қолдау тапты. Алқалы жиында одан өзге тағы 3 жоба мақұлданды. Алда атқарылатын істерді Дастан Сейілханұлы жіпке тізсін.


Элени Хондолиди өз пәтерін осыдан 4 жыл бұрын сатып алған. Қазір қос қызымен, жалғыз немересімен тұрады. Қуықтай ғана бөлмесі қақаған қыста еш жылымайды екен. Көгілдір отын атымен жоқ. Асты тоқ пешімен ғана пісіреді. Ал, қабырғалары ай сайын жарылып, әбден мезі еткен. Үнемі шатқаяқтаған үй алда-жалда құлап қала ма деген үйреймен жүреді.                                    


«Бізде кемшіліктер өте көп. Біріншіден, жылу жүйесі әлсіз. Жертөле болмағандықтан, коммуналдық желілер жүргізілмеген. Сондықтан, тоқ пешін қосып қоюға мәжбүрміз. Су құбырлары да ескірген. Тіпті, ағаш еденіміз өткенде  опырылып, жарықша пайда болды. Бір күні мына үй құлап қала деп қорқамыз»,- деді Элени ХОНДОЛИДИ.                                    


Қатар тұрған қос үйде бас-аяғы 22 пәтер бар. Олар 1933 жылы салынған екен. Содан бері жөндеу көрмеген. Салдарынан сылақтары түсіп, опырылуға шақ тұр. Ағаш баспалдақтары шіріп, электр сымдары шіріп тұр. Тұрғындардың жарықтан жиі қағылуы да сондықтан.                                                                                  


Бұл үй өткен ғасырдың 30-шы жылдары тұрғызылған. Қазіргі кейпі көңіл көншітпейді, әрине. Іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұр. Шатыры да шұрық-тесік. Там тұрғындары қара суықта қалтырап қалуға шақ қаламыз дейді. Өйткені, үйге жылу әлсін беріледі.               


Тұрғындардың күпті ойы жуырда сейілмек. Өйткені, Алматыдағы ірі құрылыс компаниясы тозған қос үйді толығымен күреп тастап, орнына 9 қабатты екі баспана салады. Жаңа кешенде 150 орынға арналған жер асты көлік тұрағы да қарастырылыпты. Одан өзге, 50 балаға шақталған жаңа бөбекжай ашылады. Су жаңа балабақша қала меншігіне берілмек. Жоба жетекшілері өз жоспарларын қалалық кеңес мүшелеріне көрсетіп, қолдау тапты.                                     


«99 пәтер болады екі үйде. Снос жасалатын 2 үйде 22 квартира бар. Сондай-ақ, аулада 22 гараж бар. Солардың барлығы бұзылып, орнына жаңадан үйлер салынады»,- деді Құрылыс компаниясының директоры, Ғабит МАМАТРАЙЫМОВ.


Ескі үйлерді сүру жұмыстары алдағы көктемде басталмақ. Құрылысқа жауаптылар тұрғын үй кешенін 1 жылда салып бітіруді көздеп отыр. Осы аралықта ескірген үй тұрғындары уақытша басқа жерге көшіріледі. Яки, пәтерлерін сатып, өзге аумақтан басқа баспана ала алады.                                        


«Кәсіпкерлермен бірлесіп, әлеуметтік түйіткілдерді бірте шешіп келеміз. Былтырғы жылы балабақшалар да, мектептер де салынды. Жаңадан бой көтерген емдеу мекемелері де бар. Қалалық кеңеске ұсынылған жобалардың барлығы жақсы. Бұл жоспар - қаланың ажарлана түсуіне септеседі»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.                     


Қалалық кеңесте, бұдан өзге тағы 3 жоба қарастырылды. Оның екеуі - Алмалы және Түрксіб аудандарында бой көтеретін жаңа кешендер. Кеңес мүшелері кәсіпкерлердің тың жобаларын мұқият қарап, барлығына рұқсат берді.                             


Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы