Биылғы жылдың өзінде 22 люктің ұрлаған фактілері тіркеліпті. Қаламыздың ескі әуежай, ет комбинаты аудандары мен, Жамбыл, Тоқай көшелерінде құдықтың шойын қақпақтары жиі ұрланатын көрінеді, деп хабарлайды ТДК 42.
Полиция қызметкерлері қара түсті және түрлі түсті метал қабылдайтын орталықтарды тексеруді бастады. Негізгі себеп: заңмен тыйым салынған металдарды қабылдаудың жолын кесу.
Қала тұрғындарынан осы тектес шағымдарды жиі естуге болады. Азаматтар жерде орналасқан құдықтардың бетін жабатын темір люктердің қолды болғанына қапалы болып жатады. Сол люктердің болмауына байланысты бірнеше қайғылы жағдай орын алғаны да белгілі. Қылмыскерлер шойын люкті ұрлайды. Кейін баукеспе сол шойынды қара нарықта саудалап, бірталай табысқа жетеді. Ал беті жабылмаған құдыққа кез келген тұрғынның түсіп кетуі де мүмкін. Сала мамандары осы қатердің алдын алу үшін металь қабылдайтын орталықтарды арнайы тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қала көлемінде қара түсті және түрлі түсті металды қабылдайтын орталықтар люктерді қабылдамаймыз дейді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер ақпараттандыру ісінің жүргізілгендігін атап өтіп, зират қоршауларын, кабель мен шойын люктерді қабылдамайтынын да жеткізді.