Елімізде шомылу маусымы басталғалы 40-тан астам адам суға кеткен

14.07.2018 01:00

Қазақстанда жүзу маусымы басталғалы бері 40-тан аса адам суға батып кеткен. Олардың тең жартысы тек өткен демалыс күндері қаза тапты. Су қоймаларында жан тапсырғандар арасында ересектер де, балалар да бар.

Жалпы, жыл сайын жаз мезгілінде 100-ден астам адам суға кетіп, көз жұмады. Бір қарағанда қауіпті аймаққа жатпайтын жерлердің өзінде сақтық шараларын естен шығармаған абзал дейді мамандар. Әсіресе шіліңгір шілдеде тоған-көлді жағалаушылар саны күрт артады.  Өткен аптада әлем бойынша рекордтық жоғары ауа температурасы тіркелді. Ал Алматыда +38 градусқа, еліміздің оңтүстік аймақтарында +42 градусқа дейін көтерілсе, батыс өңірлерде термометр тіпті, +50-ді көрсетті. Ыстыққа шыдамаған жұрт әсіресе демалыс күндері қаладағы жағажайларға ағылып жатыр. Бұл күндері құтқарушылардың жұмысы да қыза түседі. 

Алматы тұрғындары жиі баратын «Сайран» су қоймасы қаладағы ең танымал жердің бірі деуге болады. Сенбі, жексенбі мұнда келетін халықтың қарасы тіптен қалың. Құтқарушыларға да босаңсуға уақыт жоқ. Бір ауысымда 7 кәсіби сүңгуір жұмыс істейді. Олар минут сайын бақылау жасап, 15 минут сайын көлді шолып шығады. Жұмыс 24 сағат бойына үздіксіз жалғасады.  

«Шомылу маусымын ашқалы бір ай болды. Шамамен, 30 адамды құтқардық. Негізінен мас күйде суға түскен ер адамдар мен жүзе білмейтін балалар көп. Қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Катамаранмен жүзетіндер кейде жилеттерін кимейді. Біз барлығын бақылап, көзден таса қылмай, ескерту жасап отырамыз», – дейді Алматы қаласы Құтқару қызметінің құтқарушысы Асылбек РАХЫМБЕКОВ.

Тоғжан Аман, «Алматы» телеарнасы