ОҚО-да контрафактілі жолмен темекі шығарған өндіріс әшкереленді

30.03.2017 15:54

Қазақстанда алғаш рет контрафактілі жолмен ірі көлемде темекі шығарған өндіріс әшкереленді. Салық мамандары заңсыз тауар өндірген зауытты Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылынан тапқан. Пысықайлар күніне шамамен 500 мыңға дейін темекі шығарып отырған. Жасырын цех 1 жыл бойы тоқтамай жұмыс істепті. Қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның 10 азаматы болған. Толығырақ Жадыра Омаржан жалғастырсын.

Салық мамандары жедел іздестіру барысында 900 мың жалған акциздік марка, 20 тоннадан астам темекіні тәркіледі. Оған қоса, контрабандалық жолмен жеткізілген өнімді өндіру мен орауға арналған шикізатты да тапқан. Ал ұйымдастырушылар жабдықты аспан асты елінен арнайы жеткізіпті. Тіпті оны қолдануды үйрену үшін екі Қытай азаматын жұмысқа да шақырған. 1 жыл ішінде өндірісті мықтап жолға қойған пысықайлар контрафактілі өнімді Қазақстанмен қатар Қырғызстан нарығына да тасыған. Ал жалған тауардың бағасы арзан болғандықтан, халық арасында кең сұранысқа ие болыпты. 

«Экономикалық тергеу қызметіне Оңтүстік Қазақстан облысындағы жасырын цех туралы ақпарат түсті. Мамандар 3 ай бойы өндірушілер мен жеткізушілер шеңберін зерттеді. Жедел операция ұйымдастырылды. Қазір ұйымдастырушылар мен іске қатыстылар ұсталып, тексерілуде»,- деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы, Артур БАРАМЫШЕВ.

Қазір қылмыстық іс бойынша 10 адам тергеліп жатыр. Мамандар жасырын цехтың толық қуаттылығын тексеру үшін техниканы іске қосып көрген. Станок бір минутта 3 мыңға дейін темекі шығара алатын болып шықты. Анықталғандай темекі өндіру ісі мүлде автоматтандырылмаған. Жұмысшылар шылымның әр талын қолмен ұстап жасайды екен. Ол санитарлық нормаға мүлде қайшы. Осыған байланысты салық мамандары Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында тексеру жүргізген. Нәтижесінде, 50 мыңнан аса контрафактілі темекі қораптары, 200 мыңнан аса бланк, 40 фильтрға арналған рулон тәркіленген. Мамандар жалған темекі акциздерін төлнұсқадан айыру қиын екендігін айтып отыр. 

«Ешкім астыртын жолмен әзірленген темекі өнімдерін ажырата алмаған. Елімізде жыл сайын темекенің минималды сату бағасы қойылады. Мәселен, биыл 300 (үш жүз) теңге. Ал Ақсукентіндегі жасырын цех шылымды 250 теңгеден саудалаған. Бұл жағдай сенімсіздік тудырды. Кейін өндірістің әрекетінің заңсыз екендігі анықталды. Біз дүкен сөрелеріне контрафакт тауардың түспеуін қадағалаймыз»,- деді ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті, Жібек ӘЖІБАЕВА.

Сарапшылар Оңтүстік Қазақстан облысындағы өндірістің табысын шамамен 1,5 млрд теңгеге бағалап отыр.  2016-шы жылы салық мамандары тауар айналымынан жарты миллионнан астам жалған темекені алып тастапты. Оның қатарында Қырғызстан мен Тәжікстанның да акциздік маркілері бар заңсыз темекілер де анықталды. Енді мамандар контрафактілі тауардың заңды саудаға түсуіне тосқауыл қоюға мықтап кіріспек.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы