Алматыдағы мейрамханалардың бірінде оқ атылды

26.07.2017 16:17

Алматыдағы мейрамханалардың бірінде оқ атылды. Көңіл көтеру орнына келгендердің бірі сөзге келіспей, арада жанжал болған. Ізінше, дүрдараздық жаппай төбелеске ұласыпты. Куәгерлердің айтуынша, оқиға көпке жалғаспаған. Тәртіпсіздікті тоқтату үшін мейрамханадағы бәзбіреу аспанға оқ атып, жаға ұстасқандарды тыныштандырыпты. Абырой болғанда, жанжалдан жарақат алған адам жоқ.

«Біз достарымызбен бірге туған күнді атап өтуге келгенбіз. Бір кезде, би алаңында бір топ жігіт бір-біріне жұдырық сілтей бастады. Артынша тапаншадан оқ атылды. Біз бірден ол мейрамханадан кетіп қалдық»,- деді Куәгер.

Жаппай төбелестен кейін, мейрамхана қызметкерлері оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырған. Қазір мәселенің ақ-қарасы анықталып жатыр. Тәртіп сақшыларына арыз түсіргендер жоқ. Сондай-ақ, ешкім дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген.

«Қазіргі таңда сот балистикалық сараптама тағайындалды. Яғни, сол тапаншаның кімге тиесілі екендігін анықтау мақсатында. Аталмыш дерек бірыңғай реестрдың 293-ші бабының бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Жанжалға қатысты барлық тұлғаларды айқындап, оларды міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартатын болады»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.