Жақында телеарналардың бірінде тілші қала көшелерінде кетіп бара жатқан студенттер мен оқушыларды тоқтатып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қолбасшы болған үш тұлғаны атауды сұрағандығы туралы материал көрсетті. Кейбірі ғана бір қолбасшыны – маршал Жуковты атаса, өзге жауап берушілер сұраққа жауап бермегелі түгілі, соғыс жылдарын атауда қателесіп жатты. Осындай экспериментті мен өзімнің жұмыс орнымда да өткізіп, ұқсас жауапты алдым. Осы ретте, көңілімнің түскенін айтпасам да сіздерге белгілі болар.
Тараз қаласының Кожкомбинат ауданында 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың құрметіне қойылған мемориалдық кешен бар. Оның қақ ортасында Мәңгілік алау жалындауда. Бірақ ол жылына бір-ақ рет – 9 мамырда тұтанады. Дәл осы күні мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, гүл шоқтары қойылады, сұхбат беріледі және күннен күнге қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге құрмет көрсетіледі.
Ал қалған уақытта ол жер жетімнің күйін кешеді. Аналар балаларын серуенге алып шығады, ал жасы үлкенірек балалар кімдікі жоғары жабысады деген оймен сағыздарын стелаға лақтырып жатады, енді біреулер суретке түсіп әлек. Бірақ бірде-біреуі неге Мәңгілік алау сөніп тұр деген сұрақпен басын қатырмайды. 24 сағат болмаса да, таңнан кешке дейін Мәңгілік алауды жағып қою шенділерге айтарлықтай шығын алып келеді ме әлде? Алау жанып тұрса ғана кешен түрлене түспейді ме?!
Вашингтондағы Арлингтонский мемориалдық әскери зиратқа саяхаттау барысында көптеген крестердің ішінен Мәңгілік алау жанып тұрған тақтаны көзім шалды. Ол қайтыс болған президент Джон Кеннедидің құрметіне қойылыпты. Алау үнемі жанып тұрады. Ол жерде батырларын біледі, құрметтейді. Ал тараздықтар, соның ішінде жас буын өкілдері сұм соғыста жанын берген өздерінің батырларын біледі ме? Мысалы, 81-ші атты әскер дивизиясының ерлігі туралы не біледі?
Ол 1941 жылдың қыркүйек айында Жамбылда жасақталды. Құрамында 3000 адам болды. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Сталинградтық шабуыл операциясында 81-ші атты әскер девизиясы 51-ші армия қатарында болды. Соғыстың бірінші күнінде атты әскер 130 км жүріп өтіп, өзге армияның көмегімен ауыл мен Абганерово стансасын босатып, Сталинград - Тихорецкая темір жолын басып алған.
Оларға берілген келесі тапсырма – Котельников қаласын жаулап алу. Ол үшін бір тәулікте 95 км жүріп өту керек болды. 27 қарашаның таңында 81-ші атты әскер дивизиясы Котельниковтан шыққанымен, кідірместен қаланы жаулап ала алмады. Аттағыларға 6-шы танк дивизиясы қарсы шықты. Бірақ жауынгерлерге қандай жағдай орын алмасын шабуыл жасау туралы бұйрық берілді.
Гитлерлік танк дивизиясы атты әскерлердің айналасын қоршап, сапа және саны жағынан басымдылық танытып, 4 желтоқсан күні барлық 150 танкпен Похлебино ауданына шабуыл жасайды. 14.00-де дивизия толықтай қоршауға алынып, танктер мен мотопехоттар тирдағыдай атысты бастап кетеді. Бірақ жауынгерлер оңайлықпен берілмей, күні бойы шайқасады. Ал кеш батысымен топ-топ болып қоршаудан шығуға әрекет етеді. 81-ші атты әскер дивизиясының қайтыс болған, жараланған және із-түссіз жоғалғандардың саны 1897 адам мен 1860 атты құрады. Сондай-ақ дивизия командирі, штаб басшысы және саяси бөлімнің басшысы көз жұмды. Неміс офицерлерінің естеліктеріне үңілсек, қыл үсті өлімге аттанған атты әскерлерді көргенде өз көздеріне өздері сенбеген. Сталинград шайқасында ерлік көрсеткен 81-ші атты әскер дивизиясының 159 жауынгері орден мен медальмен марапатталды.
Ал Жамбыл облысының тумасы, қазақтың ұлы Ағаділ Сухамбаевті кім біледі? Оның аты берілген көшеде тұратын тараздықтар бұл тұлғаның қалай батыр болғандығынан хабардар ма?
1944 жылдың 31 шілдесінде Августов қаласында (Польша) қатардағы жауынгер Сухамбаев соғыс барысында Александр Матросовтың ерлігін қайталай отырып, жаудың пулеметін кеудесімен жапқан. Сондай-ақ Ағаділ Сухамбаевтың аты Гродно және Друскининкай қалаларында және өзі туған ауылдағы көшеге берілген. Ал 2005 жылы Таразда ескерткіш ашылды. Бірақ... Мәңгілік алауға қайта оралайық.
Билік өкілдері қазақстандық жауынгерлердің құрметіне атрибуттарды тиісті күйде ұстап тұра алмайды ма? Айтпақшы, мемориалды кешеннің жанында үлкен сауда орталығы орын тепкен. Бутиктер мен супермаркеттен тұратын орталықта жұмыс істейтін адамдардың бірінің болмаса бірінің атасы және арғы аталары жауға қарсы тұрып, фашистерден жерімізді азат ету үшін қанын төккен болар. Осы қызметкерлер жұмысқа барар жолда тұрған Мәңгілік алаудың күнделікті жанып тұруы үшін не істеу керектігі турасында ойланады ма екен? Мүмкін тауарларға жеңілдік жасау арқылы акция өткізу керек шығар. Ал сатып алушыларға түскен ақша Мәңгілік алаудың үнемі жанып тұруы үшін көк отынға жұмсалатындығын түсіндірген дұрыс болар.
9 мамыр мерекесін тойлауға санаулы күндер қалды. Бұл күні Мәңгілік алау
тұтатылмақ, бірақ ол 10 мамырда сөніп қалмаса екен...
Мәтін: Виктор Глуценко
Аударған: Меруерт Сағымхан