Вице-министр: Алматыдағы қылмыс деңгейін төмендету үшін барымызды саламыз

24.07.2018 20:33

Алматыдағы қылмыс деңгейін төмендету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматыдағы жағдайға тоқталсақ, Ішкі істер министрлігі қылмыстардың ашылуы бойынша жұмыстардың кейбір көрсеткіштеріне алаңдаулы, оның ішінде Алматыдағы ұрлық секілді қылмыстар да бар. Сондықтан Ішкі істер департаменті тарапынан да тұрақты негізде тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы орайда, Алматы гарнизонына қандай көмек көрсету керектігін қосымша зерттейміз», – деп тоқталды Р. Жақыпов.

Бұл ретте ол алдағы уақытта іске асырылатын шаралар тиісті жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Алматы еліміздегі ең ірі шаһардың бірі. Онда тұрақты тұрып жатқан тұрғындардан бөлек, еліміздің басқа өңірлерінен баратын адамдардың да қарасы қалың. Бұл жағдайлар да қылмыстылық ахуалға әсер етеді. Алматы Ішкі істер департаменті тарапынан қабылданып жатқан шаралар бүгінде жеткіліксіз шығар, алайда, Алматы полициясы мен ІІМ қылмыстылық деңгейін төмендету үшін барын салатын болады», - деп түйді сөзін министрдің орынбасары.


Теги: ІІМ