Алматыға Асқар Мамин келіп Универсиадаға дайындықты қадағалады

24.01.2017 14:45

Алматыға премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин арнайы келді. Мақсат дүбірлі дода өтетін спорттық нысандардың дайындығы мен қауіпсіздік шаралардың қатаң орындалуы. Дайындық шараларына өз бағасын берген бірінші вице-премьер, қонақтарды күтіп алу, оларды орналастыру шараларына ерекше мән беруді тапсырды. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Алматыға арнайы келген премьер министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин іс сапары барысында дүбірлі додаға дайындық жұмыстарын тексерді. Универсиада ойындарының 3 нысанында болды. Бірінші вице-министр, әсіресе, қонақтарды қарсы алу, орналастыру жұмыстары мен қауіпсіздік шараларын көз елегінен өткізді. Жауаптылар, тиісті шаруалардың өз деңгейінде орындалып жатқанын баяндады. 

«Универсиада нысандарының барлығы жүзге жуық металіздегіш және 27 рентген құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, 2 мобильді инспекциялық және алдын ала тексеру кешені де бар. Қажет болған жағдайда, олар тексеретін орынға барады. Ал тәртіп сақшылары көліктерді тексеретін 190 металіздегіш, 14 жарылғыш затты анықтайтын құрылғымен жарақтандырылды»,- деді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары, Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Асқар Маминге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматы мен Халық Аренаны, Сұңқар шаңғы трамплинін, сонымен қатар, Атлетикалық қалашықты көрсетті. Премьер министрдің орынбасары ақпараттық және еріктілер орталығымен танысып, өз бағасын берді. Атлетикалық ауылдағы спортшылардың орналасатын жерін, жатын бөлмелерін де назардан тыс қалдырмады. Дүбірлі доданың ұйымдастырушылары өз кезегінде барлық нысандардың толықтай дайын екендігін айтты. 

«Қаламызда өтетін Универсиада ойындарына спорттық нысандар толықтай дайын. Бір қуантарлығы мұндай шаралар жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Біз өз ісінің шеберлері болған мамандарды, техникалық қызметкерлерді таңдаудамыз. Барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеуде»,- деді "Универсиада-2017" дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» мқ директоры, Наиль НҰРОВ.

¤Айта кетейік, дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиада ойындары 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында Алматы қаласында өтеді. Дүбірлі дода аяқталғаннан кейін, барлық спорттық нысандар халық игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, 60 мыңға жуық адам Универсиада кезінде жұмыспен қамтылады дейді жауаптылар.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы