Ақтөбе облысында өртенген автобустың иесі әлі табылған жоқ. 52 адамның өліміне алып келген жағдай бойынша, оның үстінен сырттай қылмыстық іс қозғалған. Ал апат кезінде тірі қалған автобус жүргізушілері де жауапқа тартылады. Бірақ олар тағылған айыппен келіспей отыр. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, тасымалдаушылардың кесірінен тағыдыры тас жолда таусылғандар саны азаймай тұр. Адам емес, құдды бір ағаш тасығандай тас жолда зулайтындарға құзырлы орган қызметкерлері тексеріс жүргізген.
52 Өзбекстан азаматының тағдырына балта шапқан оқиға талайдың көңіліне қаяу түсірді. Тіпті, құзырлылар осы жағдайға байланысты жүргізілген тексеру 2 айға созылды. Бүгін тілшілерге Бас прокуратураның өкілдері нәтижесін тізіп берді. Өкінішке орай, қала арасында адам таситын әр үшінші автобус талапқа сай болмай шыққан.
«Атырау-Қарабатан тас жолында «Мұнай Жігер Сервис» компаниясына тиесілі автобус іші бензинмен жұмыс істейтін қолдан жасалған ашық отпен жылытылған. Талдықорғанда балаларды заңсыз тасмалдаған автобус жүргізушісі С. Деклетаев ұсталды. Ол салонда дәнекерлеуші құрылғыны қолданған», - деді ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана ЛОСКУТОВА.
Екі ай ішінде 125-ке жуық автобус жасанды техникалық тексеру құжатымен жолаушы тасымалдағаны анықталған. Мұндай жағдай Оңтүстік Қазақстан мен Қызылордада тіркеліпті. Себебі, көбіне осы өңірлерден Астана мен Алматыға қатынайтын халық қарасы көп. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, заңсыз жолаушы тасымалдаушылар жылына 600 рет жол оқиғасына тап болады. Тараздағы автобус иесінің бірі тіпті, адамдармен бірге жанар-жағармайға лық толы бөшкелерді тасыған. Бұдан бөлек автобустағы апатты жағдайда ашылатын есіктер мүлдем істемейді.
«Арнайы тексеру заңды талаптарды орындамай жүрген 139 тасымалданушыны анықтады. Лицензиясыз қызметі үшін олардың жұмыстары тоқтатылып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана ЛОСКУТОВА.
Бас прокуратураның ақпаратынша, Ақтөбе облысында өртенген автобустың иесі әлі ұсталмаған. Бірақ оның сыртынан қылмыстық іс қозғалыпты. Ал оқиға апат кезінде автобус тізгінінде болып, тірі қалған жүргізушілер тағылған айыппен келіспей отырған көрінеді.
«Жауапкершілікке келер болсақ, ол зардапқа байланысты анықталады. Аталмыш дерек «Жол қауіпсіздігін бұзу бойынша», яғни, 345 бап бойынша қарастырылып отыр. Көлікті тізгіндеген жүргізушілердің жауапкершілігі анықталу үстінде. Іс толыққанды бітті десек болады. Тек айыптылар мен қорғаушыларды іспен таныстыру жұмыстары қалып отыр. Жүргізушілер тағылған айыппен келіспейді. Оларға «Көлікті қолдану тәртіптерін бұзу, екі болмаса, одан жоғары адам өліміне алып келу» жағдайы бойынша кінә артылып отыр», - деді ҚР Бас прокуратура қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Азамат ДҮЙСЕМБЕКОВ.
Прокуратура 2 айдың ішінде жолаушы тасымалына қатысты басқа да екі жарым мыңға жуық заң бұзушылықтарды анықтаған. Басым бөлігі техникалық қауіпсіздік ескерілмеген. Яғни, дәрі қобдишасы мен өрт сөндіру құралы атымен жоқ. Төтенше жағдайда шығатын есік мүлдем ашылмайды. Құзырлы орган өкілдері мұндай тексеру жұмыстары жалғасын таба береді деді.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан