Елбасы алматылық балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жылмен құттықтады. Мерекелік шарада аниматорлар жеткіншектердің көңілін аулап, түрлі ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар, жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, сән-салтанаттың көркін қыздырды. Мейрам дәстүр бойынша Елбасының арнайы бейнеқұттықтауымен жалғасын тапты. Жиналған балаларға Президент атынан мектепке қажет құралдар, спорттық киімдер, планшеттер сынды бағалы сыйлықтар табысталды.
«Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Мен сендерді алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Құттықтау сөзден кейін шырша жағылды. Жаңа жылды қарсы алуға 200-ге жуық бүлдіршін келген. Оның барлығы балалар үйінің тәрбиеленушілері. Елбасынан соң қала әкімі де шыршаға шақырылған кішкентайларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, жеткіншектерді білімді болуға шақырды.
«Алматы қаласы балаларға Елбасының тапсырмасы бойынша қажетті жағдай жасап отыр. Сіздердің ең негізгі мақсаттарыңыз - денсаулық сақтап, білім алу қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.