Метроға отыратын жолаушылардың қол сөмкесі мен жүктері түгел тексеріледі

13.01.2017 15:00

Метроға отыратын жолаушылардың қол сөмкесі мен жүктері түгел тексеріледі. Жуырда басталатын универсиада қарсаңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экстремистік ұйымдардың жолын қию үшін - метрополитен басшылары осындай қадамға барып отыр. Метроның кіре берісіндегі өткізу бекетінде жолаушылар арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып, қарап тексеру рәсімдері қатаң түрде жүзеге асырылады және жолаушылардың Конституциялық құқықтары бұзылмайды.

 

«Алматы қаласының метрополитенінде қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Бұл метро жолаушыларына тікелей қатысты мәселе. Олардың жеке сөмкелері мен жүктері қатаң тексеруден өтеді. Осыған орай,  қала тұрғындарына түсіністікпен қарауын сұраймыз. Бұл шаралардың барлығы қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр»,- деді "Метрополитен" КМК баспасөз хатшысы, Ажар ХАБИЕВА.


Ал тексеруден бас тартқан жолаушылар көлік инфрақұрылымының нысандарына кіргізілмейді. Сонымен қатар, жолаушыларға жайлы жағдайларды қамтамасыз ету және тексеру аймағында жолаушылар ағыны тығыздығын азайту мақсатында пойыздар қозғалысының кестесі бар мобилдік қосымша жұмыс істейді. Жолаушылар жететін жеріне кешікпес үшін метрополитен бекеттеріне ертерек келгендері дұрыс.