Алматыдағы тұрғын үйлердің барлығы жыл аяғына дейін жылу есептегіш құралдарымен қамтылады.
Қазіргі таңда мұндай жабдық көпқабатты үйлердің 63 пайызында бар. Қаладағы 7713 үйдің 5300-іне үнемдеу құралы қойылған. Жыл соңына дейін тағы 2500 үйге эконом құралы орнатылады. Мұндай жұмыс республика бойынша жүргізіледі.
«Қазақстан бойынша жылу есептегіш құралымен жабдықтау 45 пайызды құрап отыр. Қалған 55 пайызды біз 4 кезеңге бөліп отырмыз. Яғни, 4 жыл аралығында коммуналдық сала толығымен цифрланады. Осы арқылы энергетикалық карта жасап, әр үйдің қанша жылу пайдаланатынын есептеуге болады. Жылу есептегіш құралдарын орнату арқылы, жылуға бұған дейін жұмсалып келген қаражатты барынша үнемдеуге мүмкіндік берген», – деді «ТКШ ҚазОрталық» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан МАЙКЕНОВ.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландырудың мүмкіндігіне байланысты форум өтті. Оған 80-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдері қызыға қатысты. Сондай-ақ, қаланың коммуналдық компания өкілдері және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев ат салысты.
«Түпкі мақсаты жалпы тұтынушылардың жалпы осы салада жұмыс істеп жатқан компаниялардың қызметтерін арттыру. Тұтынушыларға максималды түрде қызмет көрсету, сапасын көтеру», – деді «АЛМАТЫ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Берікбол МӘНДІБАЕВ.
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы