Алматыда ауыз су бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін

Алматыда ауыз су бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар үшін жыл басы жаңа тарифтік өзгерістермен басталатын сыңайлы. Қалалық монополистер коммуналдық қызметтерді 20 пайызға қымбаттатуды көздеп отыр. Яғни, бір айдан кейін қаланың су және кәріз жүйесіне төленетін тариф бағасы тағы көтерілмек. Шаһарды суық су және кәріз жүйесімен қамтып отырған «Алматы су» мекемесі тиісті органдарға өтініш беріпте қойған. 

Қос қария зейнет жасын қаржы үнемдеумен өткізетін болдық деп налиды. Себебі, алатын зейнетақылары ішіп-жем мен бағасы шарықтаған дәрі-дәрмектен артылмайтын көрінеді. Ал, коммуналды қызметтерге беретін төлемнің жайы бір бөлек. Су мен кәріз жүйесінің тарифы өсуі мүмкін деген жаңалық олар үшін оңай болмай тұр.

«Бұл құбылыс біз үшін таңсық емес. Тіпті қызметтердің қымбаттауына дайын отыратын болдық. Зейнетақымыз қалай көтерілсе, артынша бүкіл тарифтер өсіп шыға келеді. Кейде монополистердің алдын ала белгіленіп қойған жоспары ма депте ойлап қаласың»,-деді зейнеткер, Иван ПОДОЛЬСКИЙ.

«Бұған дейін де үнемдегенбіз, әрі қарай да суды көп ысырап қылмауға тырысамыз. Қымбаттау әрине, қазіргі тарифті қалдырса жақсы болар еді»,-деді тұрғын, Валентина ПОДОЛЬСКАЯ.

Ал, халыққа суық су жеткізіп отырған «Алматы Су» мекемесі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тарифті жоғарылату туралы сұранымды желтоқсанда жазып тастапты. Мекеменің мұндай қадамға баруына салық мөлшерінің артуы, құбыр жүйелерінің ескіруі себеп болыпты-мыс. Тарифті 20 пайызға көтерсе, қызмет көрсету сапасы да артып, жұмысшылардың жалақысы көтерілетін көрінеді. 

«Департамент осыны бекітсе, біздің мекеме, біздің кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуге және мына тозығы жеткен құбырлардың санын азайтуға, халыққа көрсететін қызмет сапасын жоғарлатуға және біздің мекеменің жұмыскерлеріне аздап болса да жалақысын көтеруіне септігін тигізеді»,-деді «АЛМАТЫ СУ» МКК баспасөз хатшысы, Серік ШАГИРОВ.

Жалпы, қалада тұтынушылардың су мен кәрізге төленбеген 200 миллион теңгедей қарызы бар. Қазір тұрғындар судың бір текше метріне құн салығын қоспағанда 49, ал кәрізге - 25 теңге төлейді. Егер, құзырлы орган монополистердің сұранымын құптаса, онда су бағасы 60-теңгеге дейін артып, кәріз құны - 37 теңгеге жетпек. 

«Қазіргі таңда, квитанциясында су мен кәріз қызметі бір үйде үш адам тұрса, 400-500 теңгені құрайды. Ал, көтерілгеннен кейін - 100 теңгеге ғана өседі. Яғни, мына су және кәріз қызметін көтерген жағдайда да біздің тұрғындардың қалтасына салмақ түспейді»,-деді «АЛМАТЫ СУ» МКК баспасөз хатшысы, Серік ШАГИРОВ.

Монополистер төлемнің қымбаттағаны тұрғындардың қалтасын қақпайды десе, тәуелсіз сарапшылар керісінше салмақ салады деген пікірде.

«Тарифтердің өсуі инфрақұрылымды жаңартуға, болмаса басқа да шығындарды жабады дегенге сену қиын. Инфрақұрылымдарға қомақты инвестиция керек. Әрине, тарифтер көтерілсе халықтың қалтасын қағады. Тұтынушылар арқылы қаржы жиналғанымен, оның көздеген мақсатқа жұмасала қоймайтынын көзбен көріп жүрміз»,-деді Сарапшы, Меруерт МАХМҰТОВА.

2014 жылдан бері өзгертілмеген тариф көлемінің өсу не өспеуі алдағы ақпан айында белгілді болады. Айдың соңында табиғи монополияларды реттеу департаменті нақты шешім шығаруы тиіс.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров