ҚР ҰҚК Шекара қызметінен тапаншаларды ұрлаған күдіктіге қатысты сот үкім кесті

22.08.2017 16:26

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен 10 тапаншаны ұрлаған күдіктіге қатысты сот үкім кесті. Академияның жүргізушісі Бақытжан Әліпбеков 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Тұтқындалған азаматтың қорғаушысы бұл үкіммен келіспейді. Өйткені, 6 мамырда жоғалған тапаншалардың қайда жатқандығын офицерлердің өздері де білмейді, дейді. 30 мамырда Қапшағайдағы оқу-жаттығу орнына жеткізілген қарулар әлгі жүргізушінің көлігінде қалып кеткен.  

«Бұл жерде баланың кінасы - қаруды өзінің көлігінің салонында алып кетуі. Бұл балаға шамалы болса да мән-жайды жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмайтындай, бұны көрсеткіш ретінде міне, қайтарып берсе осындай жеңілдік балар еді деп, жеңілірек жаза қолдану керек еді. Қазір 3 жыл берді. 3 жылды мен өте ауыр деп есептеймін», -деді  Б.Әліпбековтің қорғаушысы Айлам ЕСКЕРОВ.

Естеріңізде болса, биылғы жылдың 6 мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясынан Макаров тапаншасының 10 данасы жоғалған. Жедел-тергеу тобының тексеру жұмыстары нәтижесінде қаруларды ұрлады деген айыппен осы оқу орнының жүргізушісі ұсталған еді. Қолды болған тапаншалар күдіктінің үйінен табылған болатын.