Алматы облысында қайғылы жол апатына жол берген күдікті адам құнын сол оқиғаға тап болған көлікпен төлеп, құтылмақ болыпты. Бұл ұсынысты апаттан қаза тапқан жігіттің ет жақындары «қорлау» деп қабылдады.
Осыдан тура үш ай бұрын түнгі уақытта «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің маңында такси ұстап тұрған 37 жастағы жігітті көлік қағып кеткен. Ол дене жарақатынан ес жимастан қайтыс болды. Арада үш ай өткенде ғана іс сотқа жеткен.
Қапыда сүйікті жары, әкесі, бауыры, ұлынан айырылған адам қарасы көп. Сот залына сыймай отыр. Бірақ судья адам қаққан күдіктінің өтінішін қанағаттандырып, тілшілерді сот залынан шығарып жіберді.
Істің ақ-қарасын анықтауға БАҚ өкілдерін әу баста араластырғысы келмеген судья үзілістен соң бастапқы шешімінен айнып, камераны кіргізуге келісті. Осыдан үш ай бұрын, 22 сәуір күні 37 жастағы Алманды «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің маңында такси ұстап тұрған жерінде қымбат көлікпен қатты жүйткіп келе жатқан жүргізуші қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттан азамат жантәсілім етіп, артында 3 жастағы қызы – жетім, жары – жесір қалды.
«Өкініштісі, баламның кісінің қолынан өлуі, қаза тапқаны. Сол жүрегімді қарс айырады. Бұл қайғы менімен өле-өлгенше бірге кетеді, ең қиыны да осы. Себебі, менің балам жас еді. Біз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы едік», – марқұм А. Гайсиннің анасы Рауза ТӨЛЕНҒАЛИЕВА.
Шағымданушы тараптың айтуынша, жол апатына кінәлі жүргізушіге сол кезде де ешқандай шара қолданбаған. Тіптен, қолхат та алмай, жібере салған дейді.
«Біз басымызға түскен трагедия арқылы полицейлердің адам өміріне жауапсыз қарайтынын білдік. Адам өлтірген жанды қолхатсыз, қамамастан, куәлігін де алмастан жібере салған. Істің сотқа жетуі үшін тікелей өзіміз араласып, зарлап жүріп сараптама жүргіздік», – дейді Динара ЖАРКЕЕВА.
Жақындарынан айырылған шағымданушылар тек көлік жуу ғимаратының төбесінде тұрған бейнекамера арқылы ғана Алманның жолға шықпағанын, керісінше, трассадан бір жарым метр қашықтықта қолына жарық ұстап тұрса да, зуылдаған көліктің оны қатты жылдамдықпен келіп қаққанына көз жеткізген. «Арада жүз күн өтсе де, кінәлі тарап ешқандай көмек көрсетпеді» дейді қайғы жұтқан жұрт.
«Назарқұлов өзінің кінәсін мойындамағанмен, сол менің күйеуімді өлтірген машинасын күйеуімді қаққан күнәсінен құтылғысы келіп, маған ұсынып тұр. Ол мені моральдық тұрғыда жәбірлеп тұр деп санаймын», – деді А. Гайсиннің жесірі Гүлжихан МӘУІТОВА.
Асыраушысынан айырылған тарап қымбат көлікпен жүйткіген жүргізушіден моральдық және материалдық шығын ретінде 13 миллион теңге талап етті. Түске дейін үш рет үзіліс жариялаған судья істі кейінге шегерген соң, залдан шыққан қос тарап айтысқа қайта көшті.
Бірақ ұлдарының базардағыдай саудаға салынғанына кейіген топ «өтемақыны да өндіреміз, кінәлі заңмен жауапқа да тартылуы тиіс» деп тарасты. Егер 31 жастағы күдіктінің кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағымен бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әмірболат Құсайынұлы, Влади Шишко, «Алматы» телеарнасы