«Арми-2018» халықаралық әскери жарысына қатысушылар еліміздегі «Отар» 40-шы әскери базасына жиналып жатыр. Былтыр сүрінген командалар биыл тыңғылықты дайындалып, жаңа леппен келген. Сап түзеген сарбаздарға барлық жағдай жасалыпты.
Отар 40-шы әскери базасына келген Ресей мен Сирия сарбаздарын қазақстандық әріптестері салтанатты түрде қарсы алды. Оларға қазақтың ұлттық сусыны қымыз бен ыстық бауырсақ ұсынылды. Кейін командалар казармаға жайғастырылды.
«Қазіргі уақытта сегіз команда келді. Олардың арасында көрші Ресей мен Өзбекстан бар. Шетелдік делегацияларды қарсы алу салтанатты түрде өтіп жатыр. Қазақтың ұлттық киімімен, сусынымызды ұсындық. Қатысушылар дән риза», – деді ҚР Құрлық әскері Тәрбиелік және идиологиялық жұмыстар жөніндегі бас қолбасшының орынбасары Самат ТӨЛЕПБАЙ.
Сарбаздар заттарын казармаға орналастырғаннан кейін, арнайы брифинг ұйымдастырылды. Онда командаларға жарыстың ережелері түсіндіріліп, қауіпсіздік шаралары туралы айтылды. Сондай-ақ, жарыс жолының ұзындығы мен кездесетін кедергілердің қандай болатындығы да сөз болды.
«Шетел командаларынан жеті командасы бұрын қатысқан. Олар біздің елімізді, қалашығымызды көрген. Үш команда биыл бірінші рет қатысып отыр. Айта кетсек, Өзбекстан, Сирия, және Иран елдерінің сарбаздары сайысқа бірінші рет қатысып отыр», – деді ҚР Қарулы күштерінің Ракета әскерлері және артиллерия қолбасшысы Асқар ЖОЛАМАНОВ.
Венесуэла сарбаздары биыл тыңғылықты дайындалып келіпті. Былтыр олар бесінші орын алған екен. Қазақстанның күн райы тым ыстық дейді. Сондықтан Венесуэланың ең ыстық қаласында жаттығып, шыңдалыпты. «Арми-2018» жарысында жүлделі орыннан көрінуді мақсат етуде.
«Осы жолы былтырғы қателікті жасамау керек. Қалай да бас жүлдеге таласуымыз қажет. Бұл жарысқа жәй қатысу үшін емес, мойынымызға медаль тағып қайту үшін келдік. Біздің делегация қазақстандық әріптестерге алғыстарын білдіреді. Өте қонақжай елсіздер. Жарыста сәттілік тілеймін!», – деді Венесуэла делегациясының басшысы Хуан Карлос МАРКАНО.
«Отар» 40-шы әскери базасында сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Мұнда футбол мен спорт алаңдары қарастырылыпты. Мұндай ыңғайлылық сарбаздардың ауа райына үйреніп, жарыс кезінде өзін еркін сезінуіне мүмкіндік береді.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан