Астанадағы "Нұрлы жол" темір жол вокзалы - Оскардан үмітті

Астанадағы "Нұрлы жол" темір жол вокзалы - Оскардан үмітті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы "Нұрлы жол" темір жол вокзалы - Оскардан үмітті. Ғимаратты Дүниежүзілік архитектура фестивалінің ұйымдастырушылары үздіктер қатарына қосқан екен. Байқауға ұзын-ырғасы 400-ге жуық нысан іріктеліп алынған екен.

Астанада 3 жыл көлемінде салынған жаңа теміржол вокзалының толыққанды бітуін Қырмызы Хаджар өзі тікелей бақылапты. Жаңа нысан «Экспо-2017» көрмесінің өтуіне байланысты бой көтерген. Яғни, келімді -кетімді ел азаматтары мен шетел қонақтарының еркін қозғалуы үшін жасалған. Билік тарапы жаңа теміржолдың сәулетін түрік компаниясына сеніп тапсырған. Десе де, құрылысшылардың басым бөлігі қазақ жұмыскерлері.

«Вокзалды салу туралы идея бізге Қазақстан тарапынан ұсыныс түскеннен кейін пайда болды. Алғашқы кезде тек сызба жұмыстары дайын болған. Біз үшін халықаралық деңгейдегі теміржол вокзалын салу басты мақсат болды.Бұл нысан әлемдегі вокзалдарға мүлде ұқсамайды. Жаңа жоба»,- деді Түрік компаниясының дизайн-менеджері, Қырмызы ХАДЖАР.

Бұл Қырмызы үшін жаңа жоба емес. 11 жыл бойғы еңбек өтілінде әлемнің түкпір-түкпірін аралап, үлкен тәжірибе жинаған. Қазақстандағы жаңа вокзал құрылысы ауқымды жоба болғандықтан, компания өкілдері жұмысқа жұмыла кірісіпті. Бүгінде іске қосылған жаңа нысанның аумағы 130 мың шаршы метр. 4 қабаттың ортасында пойыздың 6 жол жүру бағыты орналасқан. Күнделікті мұнда 35 000 жуық адам жолға аттанады екен. Ең басты ерекшелігі мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалған.

"Толыққанды құрылыс пен сызба жұмыстарына 3 жылдай уақыт кетті. Дәл осы жер бос алаң еді. Бүгінде, мінеки өздеріңіз көріп тұрғандай тамаша вокзал салынды. Халыққа қажетті барлық жағдайды ескеруге тырыстық. Қарапайым дүкеннен бастап, арнайы медициналық бөлімше, тамақтанатын арнайы орындарды да байқағаншығарсыздар. Оскар сыйлығын иемденеді деген ойдамыз»,- деді Түрік компаниясының дизайн-менеджері, Қырмызы ХАДЖАР.

Бұл халық игілігіне берілген жалғыз нысан емес. Жақында адамдардың келіп-кетуіне ыңғайлы болуы үшін, қосымша екі көлік станциясы іске қосылады. Бұл «Астана» теміржол вокзалы мен «Сапаржай» көлік бекетіндегі жол жүру қозғалысы мен көлік нөпірін төмендетуге септігін тигізбек. Жаңа стансалардың көлік тұрағы 800 орынға икемделген. Жолаушылар күтетін орында арнайы сақтау камералары, күту бөлмесі мен касса бөлімшелері орналасқан.

«Жаңа стансаларды ашу көлік пен теміржол вокзалы маңындағы кептелісті сейілтуге көмектеседі. Әрі қалааралық бағыттарды жан-жаққа бөлу арқылы біз халықтың уақытын үнемдейміз. Астана қонақтарына да бұл ыңғайлы болады деген ойдамыз»,- деді Қоғамдық көлік басқармасының басшысы, Бекмырза ИГЕНБЕРДИНОВ.

Жолаушылар уақытын үнемдеу үшін салынып отырған әлеуметтік нысандар саны бас қалада артып келеді. Халықаралық деңгейдегі «Оскар» фестиваліне қатысатын «Нұрлы жол» вокзалы алдағы уақытта жеңімпаздар қатарында болатынына үміт бар. Қатаң сұрыптаудан өткен 30 архитектуралық жоба күз айында анықталатын болады.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «»Алматы телеарнасы Астанадан




Новости партнеров