|
06.03.2018 | 10:08
3712

Алматыда құрылыс салдарынан батпаққа батқан бұқара ашуға булықты

Алматыда құрылыс салдарынан батпаққа батқан бұқара ашуға булықты

Алматыдағы Торайғыров көшесінің тұрғындары батпаққа батып қалды. Қарапайым халық бұл жағдайға құрылысты тиісті талаптарға сай бастамаған компанияны кінәлайды. Өйткені, олар балалардың жалғыз ойын алаңын ауыр техника өтетін жол жасап, үйдің айналасын адам жүргісіз саз балшыққа айналдырыпты. Шыдамы таусылған тұрғындар көшенің бойында жиналыс өткізді.

Алматының қақ ортасында орналасқан Бостандық ауданының тұрғындары мектепке, балабақшаға, жұмысқа осындай лай, батпақпен баруға мәжбүр. Оған себеп, құрылыс компаниясының жұмыстарын бастауы. Тұрғындардың айтуынша, олар балалар ойнайтын алаңды қопарып, адам жүргісіз, сұрықсыз жолға айналдырған.

Осылай деп шулаған жұрт құрылыс компаниясы өкілінің аузын аштырмай тастады. Былықтарын бетіне басып, балшыққа батқан көшені уақыт жоғалтпастан қайта жасалуын талап етті. Айтуларынша, мұндағы жұмыс былтырғы жылдың тамыз айында басталған. Содан бері Торайғыров көшесіндегі бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің айналасын шалшық суға толтырып келеді. Қарапайым халық жұмыстарын таңнан бастайтын компанияның 10 шақты жүк көлігі  тура осы көшемен күнде қатынайтынын айтады.

«Мына камаздың жолын жапсын! Сұрайтыным сол. Осы жолды жапсын! Ана жаққа шықсын. Біз күндіз бір, екі рет, үш рет аяқ киім жуамыз ғой. Ана жердің бәрін қазды, қазды, қазды. Кетті. Асфальт ету керек қой», - деді Сара ШӘРІПОВА.

Бұл жерде 2020 жылы 12 қабатты 4 блоктан тұратын су жаңа тұрғын үй кешені аяқталмақ. Компания өкілінің айтуынша, нысан қаланың құрылыс кеңесінде мақұлданыпты. «Жолдың сыйқы әу баста жоқ еді» деген компания өкілі өздерін кінәлі санамайды. Дегенмен, сәуір айында жаңадан қара жол төсеп беруге уәде берді.

«Қазір енді халықтың шулап жатқанының себебі бар. Қазір оның бәрі лай, батпақ болып жатыр. Ол лай, батпақ болған себебі бізден емес. Ол сондай болған. Лайды кетіру үшін біз қазір палаз сеуіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көліктерді жуатын құрылғы қойғанбыз. Және жол жуатын «Тәртіп» АҚ басқа организациялармен жолды жуатын көліктерді жалға алып, жуып жатырмыз», - деді құрылыс компаниясының ресми өкілі Ақмарал ДҮЙСЕБАЕВА.

Құрылысты рұқсатсыз бастаған компанияға қалалық сәулет-құрылыс компаниясы осыған дейін 432 мың 900 теңге айыппұл салған. Тіпті тиісті нұсқама жазып, оны орындату үшін істі әкімшілік сотқа тапсырыпты.

«Онысы рас. Бұл жерде тапсырыс беруші мекеме «Bayterek-2050» ЖШС заң бұзу фактілері орын алды. Осыған орай мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы жаңағы тапсырыс берушіге қатысты құрылыс жинақтау жұмыстарын хабарламасыз орындағаны үшін, авторлық және техникалық қадағалаусыз орындағаны үшін және сараптамасыз орындағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды», - деді  Алматы қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы Бауыржан ДАНАЕВ.

Ұлардай шулап, ауладағы жолын даулаған жұрттың кемі 1 ай шыдауына тура келеді. Ал құрылыс компаниясының камаздары қай жолмен жүру керегін сот шешеді.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир