Еліміздегі тікұшақтар жаңартылмақ

28.07.2017 15:21

Биыл еліміз 4 жаңа тікұшақ алуды жоспарлап отыр. Әуе кемелері әскери мақсатта қолданылады. Отандық сарбаздар осы тектес ұшақтарды қазір қолданып жүр. Тиімді болған соң, ел үкіметі олардың санын арттыруды көздепті. Әріптесім Назым Мәлікқызы біз сөз еткен тікұшаққа отырып, қарымын білді.

Дәл мына ұшақ заманауи талаптарға сай жасалған. Іші маманға қажет барлық құралдармен жабдықталыпты. Әскери қызметкерлер еш қиналмайды. Кез-келген ауа температурасына ыңғайланған.

Мен отырған мына ұшақ Ми - 171 тікұшағы. Құрылым бойынша, Ми-8, Ми 17 ұқсас келеді. Бұл орта деңгейдегі вертолет.Алғаш рет 2014 жылы сыннан өткен болатын. Елімізге өткен жылы әкелініпті.

Жалын Аязбаев әскери қызметке барлық ғұмырын арнаған. 25 жылдың көлемінде түрлі ұшақтың қыр-сырын меңгеріп, әуе кеңістігінде қауіпсіздікті сақтап келеді. Әскери қызметкердің айтуынша,  Ми-171 ұшағы соңғы талапқа жасалынғандықтан басқару жеңіл, әрі икемді. Ол әр түрлі қызметті атқаруға бейімделген. Орталық санаттағы ұшақ бейбіт өмірде  жүк пен әскери қызметкерлерді тасуға бағытталса, майдан отында қаһарлы қаруға айналады.

«Осы жерде бізде 2 тікұшақ бар. 171 Ми тікұшағы және Ми-17. Бұл тікұшақтар негізі десанттық тасымалдау маңызы және әскери өимылдау маңызында оқ ату, ракета ату және бомба лақтыру»,- деді МИ-171Ш экипажының командирі, Жалын АЯЗБАЕВ.

Ұшақтардың алғашқы жаңа топтамасы елімізге 2015 жылы жеткізіліпті. Өткен жылы Қазақстан тарапы «Ресей ұшақтары холдингімен» келісім-шартқа отырып, жаңа ұшақтар мен тікұшақтар сатып алған. Жыл соңына дейін қойма тағы да су жаңа 6 тікұшақпен толығатын болады.

«План бойынша, биыл тағы екі СУ- 30, төрт Ми-35 тікұшағын сатып аламыз.Әр жылда екі самолет 2 ұшақ сатып алсақ 4 ұшақ. Ендігі жылы 4 тікұшақ сатып алынады»,- деді Қазақстан Республикасы Әскери әуе күші қолбасшысының орынбасары, Еркін ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Сонымен қатар, әскерилер тозығы жеткен ұшақтардың қайда кететінімен де бөлісті. Айтуларынша, 1995-1998 жылдары алынған біраз техника есептен шығарылып, темір қоқысқа жөнелтілген. Қоймадағы барлық әуе кемелерінің  қызмет атқару мерзімі 20-25 аралығында екен.

Назым Мәлікқызы Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Теги: авиация