Автобус жүргізушісі жолаушыларды рұқсат етілмеген жерден түсіріп кетпек болған сәтте автобус жолаушысы көлік астына түскен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Оқиға Момышұлы көшесінде, Жұбанов көшесіне жетпей болған. Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек, 31-ші бағдарлы автобус Момышұлы көшесімен сол жақтағы шеткі жолақта оңтүстік бағытта кетіп бара жатқан. Жұбанов көшесіне жетпей, жүргізуші қызылға тоқтап, жолаушыларды рұқсат етілмеген жерден түсірмек болған.
Сол кезде алдыңғы есіктен қыз түседі. Өтіп бара жатқан «Лада Ларгус» көлігінің жүргізушісі тоқтап үлгермей, қатты жылдамдықпен қызды қағып кеткен. Әртүрлі жарақат алған қыз ауруханаға жеткізілді.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.