Алматыдағы Атакент алдында алып тиін мүсіні орнатылады

Алматыдағы Атакент алдында алып тиін мүсіні орнатылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Британдық суретшінің алматылықтарға тартуы. Мүсінші Алекс Ринслер өмірі мен өнеріндегі ең үлкен жобасын оңтүстік астаналықтарға ұсынбақ. Дүйсенбіден бастап, Атакент көрме орталығының қақ алдында 12 метрлік тиіннің ескерткіші орнатылады.   

Бұл алып ескерткіштің бір бөлшегі ғана. Британдық суретші Алекс Ринслер оны құруды бір айдан аса бұрын бастаған. Жобаны іске асыруға Оңтүстік Африка Республикасынан келген әріптесі көмек көрсетуде. Жалпы, тиінді әзірлеуге 30-дан аса адам жұмылдырылған. Қазір жұмыс қыза түскен.

«Ескерткіштің жалпы биіктігі 12 метр. Ал салмағы 12 тоннаны құрайды. Қолданылған темір 7 тонна, сабан және ағаштың салмағы 3 тонна. Алып тиінді құруды 4 апта бұрын бастадық. Ал, жалпы оның жоспары мен нобайын дайындауға 3 ай уақыт жұмсадық», – дейді ОАР-дан келген суретші Мариус Янсен Ван ВУУРЕН.

Ескерткішті дайындауға тек табиғи материалдар қолданылып отыр. Алекс Ринслер бұған дейін өз жобасын өзге мемлекеттерде де жүзеге асырған. Атап айтқанда, Қытай, Ұлыбритания және Оңтүстік Африка Республикасында ескерткіштер қойылған. Мүсіншінің сөзінше, бұл оның ең үлкен туындысы екен. 

«Тиін де қаланың мекендеушісі. Оны көбі байқай бермеуі мүмкін. Ол жануардың тұрып жатқанына 100 жылдан асқан. Ескерткіш 85 пайызға дайын. Оны аяқтауға екі күніміз қалды», – дейді суретші, мүсінші Алекс РИНСЛЕР. 

Алып тиін Атакент көрме орталығы алдына жақын күндері орнатылады. Оны бөлшектеп тасымалдамақ. Қалада бұдан бөлек, 15 арт-жоба жыл соңына дейін  жүзеге асырылады.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров