Ақтөбеде жанар-жағармай базасында көлік жарылып үш адам зардап шеккен еді. Солардың екеуі қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бір оператордың денесінің 50%-ын күйік шалса, екінші оператордың, яғни әйел адамның денесін 85% күйік шалған. Ер адам кеше, жексенбі күні, ал әйел адам – бүгін түнде қайтыс болған. Бұл туралы дүйсенбі күні облыстық Денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.
«Дәрігерлер қолдан келген көмекті еш аянып қалған жоқ, алайда зардап шеккендердің денесін аса қатты күйік шалған», – деді ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, 10 қыркүйек күні Ақтөбе қаласындағы қытайлық «CNPC — Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мұнай қоймасында жанар-жағармай таситын көлік жарылып, 49 жастағы көлік жүргізушісі мен мұнай құю станциясындағы екі оператор зардап шеккен болатын. Жүргізуші ауруханадан үйіне шығарылса, денелерін қатты күйік шалған екі оператор ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен еді.
Төтенше жағдайды тергеп-тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Еңбек жөніндегі инспекторлардың сөзінше, қазір олар қарастырып жатқан басты нұсқа – қауіпсіздік техникасының сақталмауы.