Қайырымдылық, күміс алқа, төлқұжат: Алматы аудандары Конституция күнін атап өтуде

30.08.2018 17:15

Бүгін алматылықтар Конституция күнін атап өтіп жатыр. Қаланың Жетісу ауданы қастерлі мейрамды барша тұрғынымен бірге «Гүлдер» саябағында тойлады. Бұл күнге арнайы концерттік бағдарлама дайындалып, денені шынықтыратын спорттық шаралар ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, заң саласында аянбай еңбек етіп жүрген аудан қызметкерлері марапатталды. Оған қоса, білім күні қарсаңында 350-ден астам аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті сөмке мен жабдықтар тегін таратылды. 4 мыңға жуық халықтың басын қосқан думан кешке дейін жалғаспақ.  

«Ата заң. Одан артық қастерлейтін заң жоқ. Сондықтан, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бүгін таң атпастан 30 шақты ардагеріміз осы жерде «Белсенді ұзақ ғұмыр» бағдарламасының аясында у-шумен айналысып жатыр. Дәл қазір скандинавтық жүгіру өтіп жатыр. Асық ату, қазақтың ұлттық ойындары да қатар өтуде», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав ВАВИЛИН.

Мерекелік көңіл-күй Әуезов ауданында да өте көтеріңкі болды. Бүгін ауданда тұратын қос ана күміс алқа иеленіп, қуанышқа кенелді. Ал 16 жасқа толған он шақты жасөспірімге алғашқы төлқұжат табысталды. Халық басты құжаттың құндылығын жете түсініп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуымызға Ата Заңның үлесі көп деп біледі. Сондықтан, құқығымызды өзгеге таптатпай, еңсе тіктедік дейді.

«Барша қазақстандықтарды және Алматы тұрғындарын, Әуезов ауданының тұрғындарын бүгінгі Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Осындай жас балаларымыздан бастап, үлкен буын азаматтарымызға дейін осы заңымызды әрқашанда қолданып, қастер тұтып жүруге, сол заңды сақтап жүруге шақырамын. Ал ауданымызға бір адамдай еңбек сіңіріп, үлес қосып жүрген азаматтар аудан әкімінің құрмет грамотасын алды», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан ҚАЙРАТҰЛЫ.