Көлігін қысқа қамдамаған көлік иелеріне қарауылдар қырғидай тимек. Алматыда әлі күнге дейін жазғы дөңгелекпен жүрген көлік жүргізушілеріне шетінен айыппұл салынып жатыр. Қыс ортасында көшеге қамсыз жазғы резинамен шыққандар өздеріне ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп келтіреді. Қар мен көктайғақта қапы қалмас үшін қазірден қысқы дөңгелекке көшу керек дейді.
Бұл көліктің тізгіншісі тас жолда тәртіп бұзбаса да, полицейлердің құрығына не үшін түскенін түсінбей әлек. Бірақ, сақшылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматты тоқтатқанын тәпіштеп түсіндірді. Жаздық резинамен зымырап жүргені жүргізуші құрықтан дөңгелек құнының қымбаттығын айытп құтылмақ болды. Бірақ, ақыры өзінен аяған ақшасы енді сақшылар салып берген соммадан құтылуға кетеді.
Рейдке шыққан полицейлерге жаздық дөңгелекпен жүрген жүргізушілер аз жүздеспеді. Қатарында, мына келіншек те бар. Бастапқыда тәртіп бұзбадым деп тулаған тізгінші көлігігінің қос дөңгелегін ауыстырмағаны үшін айыппұл төлейтін болды.
Кеден Одағына мүше елдердің жүргізушілері, талап бойынша темір тұлпарларын қыстық айларында жүретін шинамен жабдықтауы тиіс. Яғни, дөңгелекте "M S" белгісі мен қардың суреті болуы шарт. Елімізде де 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүруге тыйым салынғанмен, осы уақытқа дейін қалалық полицейлер шинасын ауыстырмағандарға әлі айыппұл салмапты. Өйткені, жүргізушілердің өзге де тәртіп бұзушылықтары көп болғандықтан дөңгелекті карауға көңіл аудармаған.
«Қатаң жол ережесін бұзып жатса тоқтатып, сол кезде ғана көліктің техникалық жағдайын қараймыз. Мысалы, бірінші маңдай әйнектен бастап қараймыз. Жарықтық бар ма, жоқ па. Содан кейін барып жаңағы басқаларына көшеміз. Шамдары жана ма, алғашқы көмек жинағы бар ма, тексеруге құқымыз бар. Бірақ, біз жаңағы сыртынан ғана қараймыз да көлікті, негізі қысқы резеңке тұрса, онда біз оған айыппұл салмаймыз»,-деді Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы, Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Полицейлер, көлігін қысқы дөңгелекпен жабдықтамағандарды арнайы іздеп шықпаса да, өзге ереже бұзғаны үшін жауапсыз қалдырмаймыз деп бекініп отыр. Әсіресе, машинасын кез-келген жерге қаңтарып кететіндер, тыйым салынған жерге тоқтағандар мен автобус жолағына шыққандарға тексеріс күшейтілмек. Осылайша, қалада жол-көлік апаты мен одан қаза тапқандардың санын қысқартпақ. Осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы жол апаттарынан 170 адам жан тапсырса, былтыр бұл сан 30 адамға қысқарған.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы