ОҚО-да 11-сынып оқушысы терроризмді насихаттағаны үшін сотталды

17.05.2018 19:34

Оңтүстік Қазақстан облысында терроризмді насихаттаған деп айыпталған 11-сынып оқушысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық  кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 18 жастағы Шахзат Исмаиловты «діни алауыздықты қоздыру» баптары бойынша кінәлі деп тауып, 4  жылға бас бостандығынан айырды.

Аталған соттың мәліметінше, сотталған оқушы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы №10 мектебінде білім алған. Ал, 2017 жылдың 16 қарашасында ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер қызметкерлерінің қолына түскен еді. Себебі, сол күні құзырлы орган өкілдері  Сайрам ауданында арнайы операция жүргізіп, терроризмді насихаттаған және діни алауыздықты қоздырған деген күдікпен 11 тұрғынды ұстаған болатын. 

Тергеу барысында күдіктілерге  Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі («Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру») және 174-баптың 1-бөлігі («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша айыптар тағылған. Мектеп оқушысы да осы баптармен айыпталып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Ол сот залынан қамауға алынды.

Алайда айыпталушының жақындары  сот үкімімен келіскісі жоқ. Олар облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым түсірмекші. Бұл туралы баланың қорғаушысы Нұрлан Қангелдиев мәлімдеді.

3 мамыр күні шыққан сот үкімі күшіне енген.