Шет елде 24 жастағы қазақстандық қыз бала із-түссіз жоғалып кетті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрап, дабыл қаққан ата-ананың ендігі соңғы үміті дипломаттарда. Елордалық Тагина Хайметова 27-ші шілде күні жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Жалғыз қызын іздеп, бармаған жері қалмаған анаға Астана әуежайындағы шекара қызметіндегілер Тагина сол күні Дубайға, одан кейін Бахрейнге бет алғаны жайлы айтқан. Ақпарат расталып, бір күннен кейін жоғалған қыз анасына Бахрейннен хабарласқан. Ол аталған қаладағы қонақ үйлердің бірінде қызметші болып жұмысқа орналдасқандығын айтыпты. Ал, жүрегі қанжылаған ана қызын біреулер қорқытып, шет елде құлдықта ұстап отыр деген ойда. 29-шы шілдеден бастап Тагина Хайметовадан бүгінгі күнге дейін ешбір хабар жоқ.
Жоғалған бұрымдының туғандары ол қарыздарынан құтылу үшін мұндай қадамға баруы мүмкін дейді. Бұл болжамды оның анасына жіберген хаты растап отыр. Өйткені, қыз бала жоғарғы оқу орнына түсемін деп ірі көлемде несие алған екен. Ал, бұған дейін ол АҚШ-қа барып жұмыс істегісі келген көрінеді. Тіпті, аталған елдің елшілігіне жүгініп, тиісті құжаттарды да тапсырған. Қазіргі уақытта, еліміздің сыртқы істер министрлігі мән-жайды анықтап жатыр.